Ұлыбритания астанасы Лондонда білім беру технологиялары саласындағы әлемдегі ең ірі халықаралық алаң – Bett Show UK 2026 өз жұмысын бастады. Аталған көрмеге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, жетекші университеттер, ғылыми орталықтар мен әлемдік технологиялық компаниялардың өкілдерімен бірқатар мазмұнды кездесулер өткізді.
Көрменің алғашқы күніндегі маңызды оқиғалардың бірі – Қазақстанның ұлттық павильонының салтанатты ашылуы болды. 21 қаңтар күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен ашылған бұл павильон еліміздің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін дамытудағы басым бағыттарын, цифрлық трансформация мен жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін халықаралық қауымдастыққа таныстыруға арналған маңызды алаңға айналды.
UTEBAYEV UNIVERSITY – цифрлық трансформация көшбасшылары қатарында
Bett Show UK 2026 көрмесіне UTEBAYEV UNIVERSITY белсенді қатысып, университеттің цифрлық трансформация және жасанды интеллект бағытындағы AI HUB жобаларын халықаралық аудитория назарына ұсынды. Бұл – білім, технология және инновация тоғысатын жаһандық платформада отандық жоғары оқу орнының әлеуетін көрсетуге берілген үлкен мүмкіндік.
Көрме аясында университет білім беру мен басқару үдерістерін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған бірқатар интеллектуалды шешімдерін таныстырды. Атап айтқанда:
• Edu Data Insight – білім беру саласына арналған предиктивті аналитика платформасы;
• Edu AVATAR – AI-аватарларға негізделген иммерсивті білім беру ортасы;
• Интеллектуалды AI-ассистенттер – HR, IT, оқытушылар мен бағдарламалаушыларға арналған смарт көмекшілер;
• Fixit – киберқауіптерді талдауға арналған интеллектуалды платформа;
• HRtech – персонал тиімділігін арттыруға және тәуекелдерді басқаруға арналған аналитикалық шешім.
-Бұл жобалар университеттің EdTech, киберқауіпсіздік, HRtech және жасанды интеллект бағыттарындағы кешенді цифрлық экожүйе қалыптастыруға негізделген стратегиялық көзқарасын айқын көрсетеді. UTEBAYEV UNIVERSITY үшін Bett Show UK – технологияларды таныстыру алаңы ғана емес, халықаралық серіктестік орнату, озық тәжірибе алмасу және жаһандық білім беру қауымдастығымен ашық диалог құрудың тиімді мүмкіндігі,- деп атап өтті университет ректоры Гүлзада Шакуликова.


