Қазақстандық ғалымдар дезинформациямен күресуге арналған мобильді ресурс жасады

Интерактивті ресурс RasInfo – үш жыл бойы ғалымдар, аналитиктер, киберқауіпсіздік және медиасауаттılık мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесі. Қосымшаның мақсаты – пайдаланушыларға цифрлық сауаттылықты арттыруға және жалған ақпараттың индикаторларын анықтауға көмектесу.

Жоба нәтижелері Ташкентте өткен ЕҚЫҰ-ның 25-Орталық Азия медиаконференциясында «Көрермендерді тарту: дезинформацияға қарсы жетекші жауап ретінде медиасауаттылық» сессиясында таныстырылды.

Жоба жетекшісі, Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, ЕҚЫҰ өкілдері медиасауаттылықты арттыру контексінде ұсынылған зерттеулердің өзектілігін жоғары бағалады. Конференцияда цифрлық тұрақтылық пен сыни ойлауды дамыту — бүгінде бүкіл әлем үшін дезинформация мен дипфейктерге қарсы күрестегі маңызды міндет екені атап өтілді.

Сонымен қатар RasInfo қосымшасы, оның кітапханасы мен зерттеу базасы сөз бостандығы және киберқауіпсіздік жөніндегі мамандар тарапынан қолдау тапты. Авторлық ұжым өз жұмыстарын ЕҚЫҰ-ның Венадағы кеңсесінде де таныстыруды жоспарлап отыр.

Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, жоба аясында үлкен ғылыми-зерттеу жұмысы атқарылған. Атап айтқанда, «Қазақстандағы некоррект ақпарат индикаторлары» атты ұжымдық монография және «Цифрлық сауаттылық көрсеткіштері: Қазақстандағы ақпараттық мәдениетті дамыту жүйесі» атты әдістемелік құрал әзірленді.

RasInfo ең кең аудиторияға — оқушылар мен олардың ата-аналарынан бастап журналистер мен мемлекеттік қызметкерлерге дейін — бағытталған. Қосымша бес оқу модулін, сертификаттау жүйесін, ашық деректер базаларының каталогын және ғылыми жарияланымдар кітапханасын қамтиды. Айта кетерлігі, отандық тәжірибеде алғаш рет бағдарламаға фактчек пен дезинформацияны тануға арнайы оқытылған жасанды интеллект енгізілген.

Қосымша Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде орын алған фейк жаңалықтардың практикалық кейстерімен жұмыс істейді. Әрбір фейк арнайы алгоритм бойынша талданған: қысқаша мазмұны, пайда болу көзі, қолданылған құралдар, түрі мен санаты, пайдаланушыға арналған практикалық тұжырымдар.

Мұндай формат фейктің қалай пайда болатынын және оны қалай тануға болатынын көрнекі түрде көрсетеді. Жалпы алғанда, бес бірізді модуль цифрлық сауаттылық, медиақауіпсіздік және сыни ойлаудың негізгі дағдыларын қамтиды. Курсты аяқтаған соң QR-коды бар сертификат беріледі. Профессордың пікірінше, бұл оқушылар мен жас мамандар үшін қосымша мотивация бола алады.

Қосымшада әзірлеушілер БҰҰ-дан бастап Дүниежүзілік банкке дейін шамамен 100 дерекқорды жинаған. Әрқайсысына қысқаша сипаттама беріліп, кейін пайдаланушы сілтеме арқылы бастапқы дереккөзге тікелей өте алады. Бұл — бір қосымшаның ішінде нағыз шағын зерттеуші кеңсесі деуге болады.

Қосымша әзірге тестілік режимде жұмыс істейді, алайда желтоқсанда оның кең көлемде таныстырылымы жоспарланған. Гүлмира Сұлтанбаеваның айтуынша, жоба командасы қосымшаны мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында қолдануды қамтамасыз ету үшін Оқу-ағарту және Ғылым және жоғары білім министрліктеріне жүгінуді де жоспарлап отыр.

Жобаның практикалық маңызы туралы айта келе, профессор қазақстандық ғалымдардың жұмысындағы басты құндылық — адамның ақпараттық ортада бағдар табуына және манипуляциялардан қорғануына көмектесетін қолжетімді әрі ғылыми негізделген құрал жасауда екенін атап өтті.

– Бұл коммерциялық қосымша да, «галочка үшін» жасалған оқулық та емес. Бұл — үш жылдық іргелі зерттеудің нәтижесі, мемлекеттік сараптамадан өткен, ғылыми қауымдастық пен халықаралық апробациядан сәтті шыққан жоба. Қосымша жылдам жұмыс істейді, әркімге қолжетімді және қазақстандықтардың тап болатын нақты ақпараттық қауіптерін ескереді, – дейді Гүлмира Сұлтанбаева.
Ақпараттың жылдам таралуы және барлық салалардың кең ауқымды цифрлануы жағдайында мұндай мобильді ресурс ұлттық цифрлық қауіпсіздіктің маңызды элементі бола алады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT