Соңғы жылдары Қазақстанның авиация саласы қарқынды дамып, елдің көлік инфрақұрылымын жетілдіруде маңызды қадамдар жасалуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің туристік әлеуетін дұрыс пайдалану туралы тапсырмасына сәйкес, 2025 жылы аталған курорттық аймақтарда жаңа үш әуежайдың құрылысы басталды.
Бұл бастама елдің ішкі туризмін нығайтуға үлкен серпін беріп, өңірлердің экономикалық және әлеуметтік дамуына ықпал етеді. Экономист ретінде Қазақстанда жаңа әуежайлардың салынуы тек туристік әлеуетті арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін де баса айтқым келеді.
Инфрақұрылымның дамуы – инвестициялық тартымдылықтың негізгі факторларының бірі. Туристердің қолжетімділігін арттыру арқылы қызмет көрсету саласында жаңа бизнес мүмкіндіктері пайда болады. Сонымен қатар бұл өңірлерде шағын және орта бизнестің дамуына серпін беріп, өңірлік экономиканы жандандыруға ықпал етеді. Авиация саласындағы ірі жобалардың бірі – Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында жаңа жолаушылар терминалдарының іске қосылуы.
Бұл нысандар әуе тасымалының өсіп келе жатқан сұранысын қамтамасыз етіп, жолаушыларға қолайлы жағдайлар ұсынады. Ресми деректерге сүйенсек, Алматы халықаралық әуежайының жаңа терминалының өткізу қабілеті жылына 2,5 млн-нан 14 млн жолаушыға дейін ұлғайды. Бұл қаланың Орталық Азиядағы ірі әуе торабы ретіндегі мәртебесін нығайтады.
Бүгінде Алматыдан әлемнің 26 еліне 50 бағыт бойынша 30 шетелдік авиакомпания рейстерді орындайды. Шымкент әуежайының жаңа терминалының өткізу қабілеті жылына 800 мыңнан 6 млн. жолаушыға дейін артты. Жаңа маршруттардың ашылуы қаланың халықаралық маңыздылығын арттырып, туризм мен іскерлік қатынастардың дамуына үлес қосуда. Қызылорданың «Қорқыт Ата» халықаралық әуежайында жолаушылар ағыны 300 мыңнан 2 млн. жолаушыға дейін өсті.
Әуежайдың дамуымен қатар, аймақта жаңа бағыттар ашылып, ішкі туризмнің өсуіне жағдай жасалды. ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, Қазақстан қазір әлемнің 31 елімен тұрақты әуе қатынасын орнатқан. Аптасына 582 рейс жиілігімен 117 бағыт бойынша әуе тасымалы орындалуда. Бұл көрсеткіш елдің жаһандық авиация жүйесіндегі орнының нығайып келе жатқанын дәлелдейді.
Отандық авиакомпаниялар Air Astana, SCAT, Qazaq Air және Fly Arystan Қазақстанның 19 қаласына тұрақты рейстер орындайды, бұл ішкі қатынастың дамуына ықпал етуде. Қазақстанның көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «SKYHANSA» қазақстан-германдық компаниясымен бірлескен жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жоба аясында сағатына 500 жолаушыға дейін қызмет көрсететін жолаушылар терминалы, 550 000 тоннаға дейін жанармай сақтауға арналған қойма, 250 мың тонна жүк өңдеуге арналған терминал салынуда. Бұл инфрақұрылым халықаралық жүк тасымалы нарығындағы Қазақстанның рөлін күшейтіп, транзиттік мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Ал ұшу қауіпсіздігі және жолаушыларға қолайлылығы туралы айтар болсам, халықаралық авиация стандарттарына сәйкестікті сақтау мақсатында Қазақстан 2024 жылы ұшу қауіпсіздігінің 82% деңгейіне жетті. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш болып табылады және еліміздің Дания, Польша секілді Еуропалық Одақ елдерімен салыстыруға келетінін көрсетеді. Жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту мақсатында әуежайларда ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін арнайы инфрақұрылым жасақталған. Мүгедектер арбалары, тактильді плиткалар, дыбыстық навигация жүйелері орнатылып, әуежай қызметкерлері тұрақты оқыту бағдарламаларынан өтуде.
Авиация саласындағы мұндай ілгерілеушілік Қазақстанды Орталық Азияның әуе хабына айналдыруға мүмкіндік береді. Жолаушылар ағынының тұрақты өсімі, жаңа маршруттардың ашылуы және авиациялық қызметтердің сапасын арттыру – саладағы оң өзгерістердің көрсеткіші. Қазақстандық авиакомпаниялардың ұшақтар паркі жыл сайын 10-15 ұшақпен толықтырылуда, бұл қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Қазақстанның авиация саласындағы даму үрдісі ел экономикасының өркендеуіне тікелей ықпал етіп, сыртқы сауда және инвестициялық мүмкіндіктерді кеңейтуге септігін тигізеді. Сөз соңында айтарым, аталған сала туралы сөз қозғағанда, соңғы уақытта әлемде орын алған маңызды оқиғаларды ескермей кетуге болмайды. Әсіресе, жолаушылардың қауіпсіздігін арттыру мәселесі өзекті болып отыр.
Бұл тұрғыда арнайы парашютпен жабдықталған ұшақтардың өндірісі мен қолданысқа енгізілуі маңызды қадам болмақ. Мұндай технологиялар авиациялық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтеріп, ықтимал тәуекелдердің алдын алуға септігін тигізеді. Әлемнің алпауыт мемлекеттері осы бағытта инновациялық шешімдер ұсынып, болашақта жаһандық нарықты осындай ұшақтармен қамтамасыз етеді деп сенемін.
Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
экономика ғылымдарының кандидаты