АСТАНА. KAZINFORM – Жоба 2026 жылы Ж. Жиембаев атындағы Қазақ өсімдіктерді қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институты базасында жүзеге асырылады, деп хабарлайды АШМ баспасөз қызметі.
Озық жоғары сапалы тұқымдар орталығы ҚР АШМ қолдауымен құрылады.
Орталық заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, жоғары білікті мамандармен жасақталады. Оның негізгі міндеті – өнімділік пен экологиялық қауіпсіздікке қатер төндіретін патогендерге қарсы күрес жүргізу.
Орталық тұқым шаруашылықтарымен тығыз ынтымақтастық орнатып, әртүрлі дақыл тұқымдарының сынамаларын талдаудан өткізеді. Жобаның басты мақсаты – 2030 жылға қарай отандық тұқым үлесін 80%-ға дейін жеткізу.
Фитоэкспертизаның инновациялық әдістерін қолдану және тұқымдарды сауықтыру өнімділікті арттырып қана қоймай, егіннің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мамандардың бағалауы бойынша, тұқымдық қорды сауықтыру өсімдік ауруларымен күрестегі негізгі фактор болып табылады, себебі олардың 70%-ы тұқым арқылы таралады. Орталықтың жұмысы нәтижесінде ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі кемінде 40%-ға артуы мүмкін деп күтілуде.
Осыған дейін биыл елімізде ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін аумақ былтырғы жылға қарағанда 518 мың гектарға артатыны айтылды.