АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде АҚШ-тағы 911 жүйесі сияқты бірегей жедел көмек желісі енгізілуі мүмкін. Ол арқылы көмекке мұқтаж кез келген адам бір ғана нөмірге қоңырау шалып, өзіне қажет барлық қызметті шақыра алады.
— Қазіргі таңда біз қазақстандық мамандар әзірлеген жаңа ақпараттық жүйені енгіздік. Әзірге 101 және 112 нөмірлері біріктірілді. Енді 103 қызметін қосуды жоспарлап отырмыз. Яғни, адам төтенше жағдай қызметіне қоңырау шалғанда өзіне қажетті барлық жедел қызметтен көмек алады. Мысалы, жол-көлік оқиғасы болды делік. Көлік өртеніп жатыр. Демек, онда өрт сөндірушілер мен жедел жәрдем қызметі керек. Бұрын мұндай ақпаратты қолмен беру уақыт алатын. Енді біртұтас диспетчерлік қызмет арқылы ақпарат бірден жіберіледі, бұл бюджетті үнемдеуге, халыққа тиімді қызмет көрсетуге жағдай жасайды, — дейді IT-Space компаниясының бас директоры Нұржан Нұрлыбаев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Әзірге жоба пилоттық режимде жүзеге асып жатыр.
— Қазіргі уақытта 101-112 қызметінде 10 оператор жұмыс істейді, ал 103 қосылған кезде операторлар саны 35-ке дейін жетеді. Операторлар да арнайы оқытылады. 103 қызметі қосылғанда диспетчерлерге медициналық білім беру жоспарланған, себебі көп қоңыраулар медициналық бағытта келеді, — дейді маман.
Астанадағы 112 жедел желісіне тәулігіне 2000-ға дейін қоңырау түседі. Оның шамамен 30 пайызы — нақты төтенше жағдайлар бойынша көмек сұраушылар.
— Қалған қоңыраулар бойынша операторлар азаматтарға консультациялық жәрдем береді. Негізгі мақсат — адам факторын барынша азайтып, жедел әрекетті қамтамасыз ету. Осылайша, елімізде АҚШ-тағы 911 тәрізді бірегей жедел көмек желісі енгізіледі, — дейді Нұржан Нұрлыбаев.
IT-Space компаниясының бас директоры жаңа жүйе жедел қызметтердің жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп, көмек көрсету уақыты мен дәлдігін арттырғанын айтады. Пилоттық жоба сәтті нәтиже көрсетсе, болашақта еліміздің өзге өңірлеріне де енгізілуі мүмкін.
Айта кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда бірыңғай 112 диспетчерлік қызметі туралы ережеге өзгерістер енгізілгенін жазғанбыз.

