Үкімет отырысында ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Дмитрий Мун ауыл шаруашылығы саласына инновациялық цифрлық шешімдерді енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол ауыл шаруашылығын цифрландыру жерді тиімдірек пайдалануға және фермерлердің жұмысын жеңілдетуге көмектесетінін атап өтті.
«Ол үшін біз жерді басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгіземіз. Үлкен деректерден құнды ақпаратты аламыз. Осының нәтижесінде экономика өсуде, ал өнім өндірушіден сатып алушыға тезірек және оңай жетеді», — деді Дмитрий Мун.
Бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі 93 мемлекеттік қызмет көрсететіні атап өтілді. Оның 98%-ы онлайн режимінде ұсынылады. 2024 жылы 2,6 миллионнан астам электрондық қызмет көрсетілді.
Бұдан бөлек, Қазақстанда жердің спутниктік мониторингі жүргізілуде. Бұрынғы кездері жерді тексеру қиын болатын. Инспекторлар жаяу шығып, бәрін жеке тексеретін. Барлық жұмыс қағаз жүзінде жүргізілді. Мемлекеттік базалар бір-бірімен байланысты емес еді. Бүгінде бұл процесс жеңілдетіліп, «Жер инспекторы» жүйесі іске қосылды. Ол арқылы келесідей процестер өзгерді:
- Спутниктік мониторинг енгізілді. Қазір елдің барлық аумағы бақылауда.
- Жер иелері SMS және жеке кабинеттер арқылы автоматты түрде хабарлама алады.
- Барлық мемлекеттік органдарға қолжетімді бірыңғай деректер базасы құрылды.
«Қазір 116 млн га ауыл шаруашылығы жерлерінің мониторингі жүргізілуде. 2022 жылдан бастап жерді тиімсіз пайдалану салдарынан 12 млн га жер мемлекет меншігіне қайтарылды. 2025 жылы тағы 2 млн гектар жерді қайтару жоспарлануда. Жергілікті тұрғындар үшін 5 млн га ауыл шаруашылығы жерлері қайта бөлінді», — деп мәлімдеді Дмитрий Мун.
Вице-министрдің айтуынша, спутниктік мониторинг пен геоаналитиканы, автономды роботтар мен дрондарды қолдану, сондай-ақ дұрыс болжам жасау өнімділікті 10-15%-ға арттыруға және су тұтынуды 25%-ға дейін азайтуға мүмкіндік береді.
«Мұндай технологиялар, мысалы, әлемдегі ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты бойынша екінші орынды иемденетін ел – Нидерландыда кеңінен қолданылады», — деп түсіндірді Дмитрий Мун.
Сонымен қатар елімізде ауыл шаруашылығындағы негізгі процестерді автоматтандыру үшін Жасанды интеллект (ЖИ) агенттерін енгізу жоспарланып отыр.
Атап айтқанда, негізгі жобалар:
- Ауылшаруашылық өтінімдерін субсидиялау үшін ЖИ элементтері бар Чат-бот көмекшісі – ЖИ өтінімдерді автоматты түрде тексереді және қате деректерге байланысты ауытқу пайызын төмендетеді (қателер 30%-дан 5%-ға дейін азаяды).
- Топырақты талдаудың интеллектуалды жүйесі - қол еңбегін 75-80%-ға төмендетеді, ұсыныстардың дәлдігін 95%-ға дейін арттырады.
- Зиянкестермен күресуге арналған ЖИ пилотсыздары егін шығынын 25-30%-ға азайтады.
Бұл жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға жоспарланған.
Astana Hub-тың ауыл шаруашылығына цифрлық технологияларды енгізуге белсенді түрде көмектесіп жатқаны атап өтілді. Astana Hub стартаптары 4,7 млрд теңге табыс тапты. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындары құрылды.
«Цифрландыру – тұрақты және бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығының негізгі факторы. Қазақстанда жер деректерінің ашықтығын, ресурстардың тиімді мониторингін және бюрократияны төмендетуді қамтамасыз ететін заманауи цифрлық технологиялар енгізілді. Қазақстандық IT-компаниялар өнімділікті арттыру, шығындарды азайту және тәуекелдерді басқару үшін әлемдік деңгейдегі шешімдерді әзірлеуде. Мақсат – цифрлық технологияларды кеңінен енгізу, мемлекет, бизнес және ғылым арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ IoT, дрондар, ЖИ және Big Data қолдану», — деп түйіндеді сөзін Дмитрий Мун.