Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Ол аграрлық секторды цифрландыру ауыл шаруашылығы саласының маңызды бағыттарының бірі екеніне тоқталды. Жаһандық өзгерістер мен технологиялық трансформация жағдайында республикада цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізілуде.
Бүгінгі таңда аграрлық секторды цифрландыру төрт ақпараттық жүйені қамтиды, яғни:
- Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру жүйесі (АЖС);
- «E-Agriculture» АӨК саласын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі (ББАЖ);
- Субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесі (СМАЖ);
- «Ауыл Аманаты» халыққа несие берудің ақпараттық жүйесі.
Министрлік 2023 жылдың басында ауыл шаруашылығы саласындағы барлық субсидиялау бағыттарын қамтитын субсидиялаудың бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйесін іске қосты.
«Бұған дейін бірнеше жыл бойы субсидиялау саласында белгілі бір монополияға және қаражатын бөлудің ашықтығы мәселелерінің туындауына алып келген жеке платформа жұмыс істеді. Бұл жүйені әзірлеуге бюджет қаражаты жұмсалмады, сонымен бірге барлық пайдаланушылар үшін 1 млрд теңгеден астам қаражат үнемдей отырып, тегін түрдегі оң әсерлерге қол жеткізілді және өтінімдер кезектілігі мен күту парағын енгізу жолымен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайтты», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Министр биылдан бастап мемлекеттік жүйе арқылы фермерлер үшін қарсы міндеттемелер енгізілгенін айтты. 1,5 мыңнан астам фермер осы бағытта өз міндеттемелерін алды. Мемлекеттік субсидиялау жүйесі басқа мемлекеттік органдардың қажетті жүйелерімен интеграцияланған. Бұл ретте, маңызды қадамдардың бірі электрондық форматта шот-фактураларды (ЭШФ) алу үшін Мемлекеттік кірістер комитетінің жүйесімен интеграция жүргізу болды. Бұл тәсіл субсидиялармен бұрын манипуляцияларды алып тастауға мүмкіндік берді, оларды қайта пайдалануға, олардағы мәліметтерді қайтарып алуға немесе өзгертуге мүмкіндік бермеді.
Мемлекеттік субсидиялау жүйесінде өтінімдерді қарау кезектілігін енгізу жолымен талаптарды (жер учаскесінің болуы, субсидияланатын тауарды сатып алу және т. б.) сақтау шартымен субсидиялау процесінің ашықтығына және тең қол жеткізуіне баса назар аударылды. Мұнда әрбір өтінім беру күні мен уақытына қарай кезекпен қаралады, ал өтінімнің мәртебесі және нақты санатқа арналған бюджеттің болуы туралы мәліметтер ашық қолжетімділікте болады. Сонымен қатар «күту парағы» енгізілді, бұл фермерге бюджетте қаражат болмаса да, кез келген уақытта субсидиялауға өтініш беруге мүмкіндік береді.
Министрліктің мәліметінше, 2024 жылы бұл жүйе арқылы субсидия алуға өтінімдер көлемі өткен жылдың көрсеткіштерінен едәуір асып түсті. Тыңайтқыштар бағыты бойынша өсім ерекше байқалады, онда қаржыландыру бірнеше есе өсті.
Мәселен, 2024 жылы субсидиялау жүйесі арқылы 240 мыңнан астам өтінім берілді, оның 177 593-і мақұлданды және 29 110-нан бас тартылды. Қазіргі уақытта қаржы институттарының пайыздық мөлшерлемені өтеуге қатысты 33 мыңнан астам өтінімі Ауыл шаруашылығы басқармасында қаралуда. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы субъектілерін жеңілдікпен кредиттеуге көшу үшін қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі іске асырылатын болады. Бұл жылдық 5%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша қарыз беруге мүмкіндік береді.
Министрліктің маңызды бағыттарының бірі – мал шаруашылығы саласын цифрландыру. Мал шаруашылығында қадағалануды қамтамасыз ету үшін Министрлік (оның ішінде мал шаруашылығы өнімдерін) барлық өмірлік циклін толық автоматтандыру бойынша жоспарлы жұмыс жүргізуде .
Бұрын ауыл шаруашылық жануарларын есепке алу негізінен қолмен жүзеге асырылды. Асыл тұқымды мал шаруашылығы, зертханалық зерттеулер, аса қауіпті аурулардың ошақтары туралы, сондай-ақ жануарларды сатып алу-сату мәмілелері туралы ақпарат қағаз форматта жүргізілді. Бұл тәсіл уақытты көп қажет ететін, сонымен қатар деректердің дәлдігі мен жеделдігін төмендететін.
Процестерді цифрландырғаннан кейін жануарларды тіркеу және зертханалық зерттеулер жануар туралы мәліметтерді енгізуді автоматтандыру есебінен едәуір жеделдетілді. Бұл ветеринарлық қызметтерге инфекцияларды жедел анықтауға және ауру ошақтарын локализациялауға мүмкіндік береді, аурудың ерте басталуын болдырмайды, сонымен қатар инфекциялар мен өнімділіктің жоғалу қаупін азайтады.
Мал шаруашылығын тиімді басқару үшін мамандандырылған мобильді қосымшалар әзірленді:
VETMOBILE – бұл жануарларды тіркеуге, олардың жағдайын бақылауға, екпелер мен аурулардың есебін жүргізуге, алдағы тексерулер мен іс-шаралар туралы хабарлама алуға көмектесетін ветеринарлық маманға арналған қосымша.
TORTTULIK – барлық тіркелген жануарларды бақылауға, есепке алуға, мал сатып алу-сату процедураларын, аурулар мен вакцинацияларды жасауға мүмкіндік беретін ауылшаруашылық жануарларының иелеріне арналған қосымша. Жануарлармен жұмыс істеу процесін айтарлықтай жеңілдетеді және фермерлерге олардың малдарының нақты уақыттағы жағдайын бақылауға көмектеседі.
Мал шаруашылығында қадағалауды қамтамасыз ете отырып, Министрлік жұмысын бастаған келесі қадам – өсімдік шаруашылығын қадағалаудың жаңа ақпараттық жүйесін енгізу. Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің қолданыстағы қадағалануы тек партияға ілеспе құжаттарды беру кезінде басталатын, бұл толық қадағалауды қамтымайтын еді. Осыған байланысты, Министрлік өз қаражаты есебінен өсімдік шаруашылығын қадағалаудың ақпараттық жүйесін әзірлеуді бастады.
Бұл жүйе ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс циклін және олардың экспортқа дейінгі шығу тегін бақылауға мүмкіндік береді. «Егістіктен дастарханға дейін» қағидасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасын және қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ ішкі және сыртқы нарықтарда «көлеңкелі» схемаларды жоюға көмектеседі.
Сонымен қатар, жүйе егіс алқаптарын, тарихи деректерді, ауыспалы егісті, өңірлер мен егіс дақылдары бөлінісінде орташа өнімділікті, астық және көкөніс сақтау қоймаларының көлемін паспорттауды енгізу жоспарлануда, бұл өнімнің шығу тегін толық бақылауды қамтамасыз етеді.
Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландырудың соңғы кезеңі бірыңғай цифрлық экожүйесін құру үшін платформалық тәсілді көздейтін «Е-АӨК» платформасын енгізу болып саналады.
«Ауыл шаруашылығын цифрландыруға кешенді тәсілді қамтамасыз ету және агроөнеркәсіптік кешеннің бірыңғай цифрлық платформасын құру мақсатында ауыл шаруашылығындағы барлық қолда бар ақпараттық жүйелерді біріктіру жоспарлануда. Бірыңғай цифрлық платформа құру субсидиялау, ауыл шаруашылығы жерлерін басқару, өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы жүйесінің өзара байланысы арқылы ауыл шаруашылығында қадағалаудың толық циклін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осыған байланысты агроөнеркәсіптік кешенді кезең — кезеңімен цифрландыру Министрліктің өндірілетін өнімнің ашықтығын және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында таяу болашаққа арналған негізгі міндеттерінің бірі екенін тағы да атап өткім келеді», — деп түйіндеді Айдарбек Сапаров.