Қазақстан мұнайының Германияға экспорты артатын болды ма

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстаннан Германияға мұнай экспортын екі есе арттыру жоспары орындала ма? Бұл сұраққа Энергетика министрлігі жауап берді.

    - Қазақстан Республикасының мұнайын экспорттаудың қосымша бағыттарын дамыту барысында 2022 жылы Әзербайжан Республикасымен жылына 1,5 млн тонна мұнай тасымалдауға келісімге қол қойылды. «Баку – Тбилиси – Джейхан» бағыты бойынша 2024 жылдың қорытындысына сәйкес 1,4 млн тоннадан астам қазақстандық мұнай тасымалданды, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Сонымен қатар Қазақстан, Германия және Ресей тараптарының арасындағы келісімдердің аясында 2024 жылы 1,5 млн тонна қазақстандық мұнай Германиядағы «Шведте» мұнай өңдеу зауытына тасымалданды.

    - Бұған дейін Германия жағы «Шведте» зауытына мұнай жеткізуді жылына 2 млн тоннаға дейін арттыруға қызығушылық білдірген болатын. Қазіргі уақытта бұл мәселе қарастырылып жатыр. Айта кету керек, Қазақстан мұнайы экспорттық бағыттарда жеткізілуі маршруттың коммерциялық тартымдылығына және субъектілердің арасындағы келісімдерге байланысты болады, - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Еске салсақ, былтыр Германия Қазақстаннан жеткізілетін мұнай көлемін арттыруды сұрады.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT