Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Орнықты даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында Орнықты даму мақсаттары жөніндегі (ОДМ) үшінші ерікті ұлттық шолудың тұсаукесері өтті.
БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісінің міндетін атқарушы Стивен О' Малли ұсынылған құжаттың жай ғана есеп еместігін, Қазақстанның БҰҰ-ның 2030 күн тәртібіне шынайы берілгендігінің көрінісі мен барлық әлемге еліміздің ілгерілеуі, сабақтары мен амбициялары туралы айту мүмкіндігі екенін атап өтті.
«Қазақстан – шолуды үш жылда бір рет өткізетін санаулы елдердің бірі. Бұл ОДМ бойынша прогресс мониторингіндегі, ашықтықты ілгерілетудегі нағыз көшбасшылығын айқын көрсетеді. Жақында Алматыда ашылған БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығы Қазақстанның ОДМ-ны елде де, аймақта да іске асыруға бейілділігін көрсетеді. БҰҰ тұрғысынан мұндай шолуларды жүргізу шынайы әріптестік пен іс-қимылға шақыру ретінде бағаланады. БҰҰ Қазақстан үкіметін толығымен қолдайды», — деп атап өтті Стивен О' Малли.
Ұлттық экономика вице-министрі Асан Дарбаев үшінші құжатта ОДМ-ны жергілікті жерге бейімдеуге, яғни жаһандық мақсаттарды аймақтар мен жергілікті қоғамдастықтар деңгейіне көшіру мәселелеріне ерекше назар аударылғанын айтты. Сондай-ақ Шолу 2025-тің басты ерекшелігі – азаматтық қоғамның, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың жұмысына белсенді қатысу.
«Екінші ерікті ұлттық шолу ұсынылған сәттен бастап ОДМ-ны іске асырудың институционалдық негіздерін жетілдіруде елеулі нәтижелерге қол жеткізілді: 2023 жылы Қазақстанның орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсаттары мен міндеттерін іске асыру мониторингі жөніндегі парламенттік комиссия құрылды. 2060 жылға дейін елдің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясы қабылданды. Орнықты даму мақсаттарының тиімді мониторингін қамтамасыз ету үшін ОДМ ұлттық индикаторлары өзектендіріліп, жалпы саны бүгінде 200-ге жеткізілді», — деді Асан Дарбаев.