«SANA» Сирия мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Қатардың Дамасктағы істер жөніндегі сенімді өкілі Халифа Абдулла Әш-Шәриф бейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде бастаманың 400 мегаватт электр энергиясын өндіруден басталатынын және Катар Даму Қоры арқылы біртіндеп ұлғайтылатынын атап өтті.
– Бұл қолдау күн сайын 2 миллион текше метр табиғи газ жеткізу арқылы қосымша 400 мегаватт электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді, – дейді Сирияның электр энергетика министрі Өмер Шакрук.
Қатар Сыртқы істер министрлігінің өкілі Мәжид әл-Ансари Қатардың Сирияға энергетикалық қолдау көрсеткісі келетінін білдіріп, көмектің елдің барлық аймағын қамтитынын және Сирияның тұрақтылығына үлес қосатынын айтты. Сонымен қатар ол Қатардың халықаралық серіктестермен үйлесімді түрде әрекет етіп, Сирияға көмек көрсету үшін жаһандық деңгейде ынтымақтастық орнатқанын атап өтті.
– Қатардың мақсаты – Сирияның қайта құрылу үдерісіне үлес қосу және елдің қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Біз АҚШ-ты қоса алғанда жаһандық серіктестерімізбен қарым-қатынасымызды маңызды деп есептейміз. Сирия халқына қолдау көрсету үшін атқаратын рөлімізді үйлестіру мақсатында күн сайын келіссөз жүргіземіз, – деді әл-Ансари.
Айта кетейік, Сирия Башар Асад режимі құлағаннан кейін одан әрі ушыға түскен ауыр энергетикалық дағдарысты бастан кешіріп жатыр. Елдің жаңа үкіметі бұл дағдарысты жеңілдету үшін әртүрлі шараны қолға алып жатыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Иордания мен Сирия арасында жаңа келісім жасалғаны туралы жазған болатынбыз.
https://kaz.inform.kz/news/katar-iordaniya-arkili-siriyaga-tabigi-gaz-tasimaldamak-99bfe2/