Қарапайым еңбек – жарқын болашақтың кепілі

Қазіргі таңда ел көлемінде жұмысшы мамандықтарға деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Алайда ауылдық жерлерде бұл бағытқа жастардың қызығушылығы төмендеу екені байқалады. Мұның бірнеше себебі бар: ақпараттың жетіспеушілігі, кәсіби бағдар жұмыстарының әлсіздігі және жұмысшы мамандықтарының беделін төмен бағалау. Осыны өзгерту үшін нақты қадамдар қажет.

Біріншіден, мектеп қабырғасынан бастап кәсіптік бағдар жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі тиіс. Ауылдық мектептерде колледж өкілдерімен, кәсіпорын мамандарымен, табысты жұмысшы маман иелерімен кездесулер ұйымдастыру – оқушылардың көзқарасын өзгертуге үлкен сеп.

Екіншіден, жұмысшы мамандықтардың заманауи және табысты сала екендігін нақты мысалдармен көрсету маңызды. Жергілікті кәсіпкерлер мен зауыт-фабрикаларда жұмыс істеп жүрген, өз ісінің шеберлерін насихаттап, БАҚ пен әлеуметтік желі арқылы олардың жетістіктерін үлгі ету керек.

Үшіншіден, ауыл жастарына арналған арнаулы оқу гранттарын көбейтіп, дуальді білім беру жүйесін кеңінен енгізу – кәсіби бағыттағы оқуға деген сенімді арттырады. Оқу мен тәжірибе қатар жүретін бұл жүйе арқылы жастар мамандықты игеріп қана қоймай, нақты жұмыс орнымен де қамтамасыз етіледі.

Төртіншіден, ата-аналар арасында да түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Себебі көптеген жағдайда мамандық таңдау ата-ананың көзқарасына тәуелді болып жатады.

Жалпы, жұмысшы мамандықтар – ел экономикасының тірегі. Бұл мамандықтарды таңдау – болашаққа бағытталған нақты қадам. Сондықтан ауылдағы жастарға оның маңызын жеткізіп, дұрыс бағыт-бағдар беру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Сағыныш ҚАЙЫР

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT