ҚАРАПАЙЫМ ЕҢБЕК – ҰЛЫ БАСТАМАНЫҢ НЕГІЗІ

2025 жылдың елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялануы кездейсоқ шешім емес. Бұл – қоғамдағы нағыз еңбек иесінің беделін арттыруға, жастардың көзқарасын қалыптастыруға бағытталған стратегиялық қадам. Кез келген елдің қуаты – оның нақты іске бейім, қолынан іс келетін, өз кәсібін шын ниетімен игерген азаматтарының санымен өлшенеді. Өндірісті өркендететін де, ауылды дамытатын да, қарапайым тіршілікті қамтамасыз ететін де – жұмысшы маман.

Бүгінгі жастардың көпшілігі ақ көйлек пен кеңсе орынтағын аңсайды. Алайда табыстың, тұрақтылықтың және өзіңе деген құрметтің тек дипломмен келмейтінін түсінетін кезең жетті. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл жылды нақты еңбек иелеріне арнау арқылы жаңа ұрпақтың таңдауы мен болашақ бағдарын айқындап берді. Бұл үндеуді жергілікті жерлерде қолдау, нақты әрекетке ұластыру – әрбір сала мен мекеменің міндеті. Осы орайда аудандық Жастар ресурстық орталығы да жыл басынан бері жастарды еңбекке, кәсіпке, нақты мамандыққа бейімдеуді мақсат еткен сан алуан, жүйелі іс-шараларды қолға алды.

Жыл – тек атау емес, әрекетке ұласқанда ғана мағыналы. Біз жастарды қолдау үшін бірінші кезекте тәрбиелік және танымдық бағыттағы жобаларды жүзеге асырдық. Қаңтар айында өткен «Жылы жүрек» акциясы – соның бірі. Қақаған аязда көше сыпырып жүрген еңбек адамдарына ыстық шай мен тәтті-дәм ұсынып, үлкенге құрмет көрсеткен жастар бұл арқылы қоғамдағы елеусіз еңбекке назар аударды. Бұл бір реттік қайырымдылық емес, жан дүниенің тазалығы мен еңбекке деген ықыласты қалыптастыратын шынайы тәрбиелік іс болды.

 Ауданымызда жастар мен билік арасындағы ашық диалогты қалыптастыру да басты назарда. TEDx форматында өткен екі бірдей кездесуде жастар түрлі сала өкілдерінің – мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер мен кәсіпкерлердің өмір жолымен танысып, өз сауалдарын қойды. Жастарға қазіргі таңда «жұмыс бар ма?» дегеннен бұрын, «қай салада өз қабілетімді іске асыра аламын?», «қандай нақты кәсіпке бейіммін?» деген сұрақтарды қою маңыздырақ. Бұл кездесулер дәл осы сұрақтарға нақты, өмірден алынған жауаптар беруге мүмкіндік ашты. Себебі әрбір қонақ өзінің қай жолмен өскенін, қандай қиындықтармен бетпе-бет келгенін жасырмай айтып, шынайы еңбек жолын көрсетті. Бұл – жастар үшін мотивациядан бұрын бағыт-бағдар беретін сабақ.

Еңбек нарығына шығуға дайын емес, бірақ әлеуеті бар жастардың тағы бір бөлігі – NEET санатындағы жас азаматтар. Бұл – қоғамда бар, бірақ белсенділік таныта бермейтін топ. Бүгінгі күні олардың қатарын азайту – стратегиялық міндет. Осы мақсатта Жастар ресурстық орталығы аудандық прокуратура, пробация қызметі және мансап орталығымен бірлесе отырып, 10 ақпанда арнайы жәрмеңке өткізді. Онда жұмыссыз жастарға бос жұмыс орындары ұсынылып, бағыт-бағдар берілді. Мұндай іс-шаралар – тек ресми есеп үшін емес, нақты бір адамның өміріне ықпал ететін, тағдыр өзгертер маңызды алаң.

Жастардың тек кәсіби емес, зияткерлік әлеуетін дамыту да назардан тыс қалған жоқ. «Isatai QUIZ» зияткерлік сайысы олардың логикасы мен ойлау қабілетін, топпен жұмыс жасау дағдысын шыңдайтын тың форматтағы шара болды. Мұндай жобалар – жастардың өз мүмкіндігін тек қағаз жүзінде емес, нақты жарыс үстінде, бәсекеде байқап, өзін-өзі дамытуына жол ашады. Алда да ауқымды жобалар жалғасады. Абай оқулары, мобилография, гитара, тіл үйрету курстары – бұл жастарды тек жұмысқа емес, жан-жақты дамуға бейімдейтін бағыттар. Әсіресе «Жайлау Life» жобасы – ауыл өмірінің тынысын жастарға терең таныстыратын, еңбекпен етене таныстыратын ерекше бастама болмақ.

Жұмысшы мамандықтарды дәріптеу деген – күрек пен балға ұстату ғана емес. Бұл – адамды қоғамның нақты бір тетігі ретінде сезінуге мүмкіндік беру. Бұл – еңбек адамына деген құрметті жаңғырту. Бұл – әр жасты өз орнын табуға, өзі үшін және елі үшін пайдалы болуға жетелеу. Біз бүгінгі жастарды кеңсе мен сахнадан ғана емес, диқан мен құрылысшы, жүргізуші мен аспаз қатарынан да көргіміз келеді. Себебі кез келген қоғам – тек ақылмен емес, еңбекпен алға басады. Аудан жастары — бұл жолда сенімді қадам жасап келеді. Біздің мақсат – осы сенімді демеп, бағыттап, қолдау. Себебі еңбектенген ел ғана еңселі болады. Ал еңбектің қадірін ұғынған жас – ертеңгі ел тірегі. Жастар саясатын жүзеге асыру – бұл бір ғана орталықтың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Біз жастарды табанды еңбекке, нақты кәсіпке бағыттау арқылы болашаққа инвестиция жасап отырмыз. Жұмысшы мамандық – ертеңгі күннің берік негізі. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын таба береді.

 

Нұрдәулет АТЕЛОВ,

аудандық Жастар ресурстық орталығының басшысы

 

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT