Әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия

2025 жылғы 30 қазанда Астанада биологиялық әралуандықты сақтау және оны орнықты пайдалану үдерістеріне гендерлік аспектілерді енгізу жөніндегі ұлттық консультация өтті.
Іс-шара биологиялық әралуандық, климаттың өзгеруіне бейімделу және парниктік газдар шығарындыларын азайту арасындағы өзара байланысты талқылауға арналған үш күндік семинар аясында ұйымдастырылды.
Сессия жұмысына Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова қатысты.
Өз сөзінде ол гендерлік теңдік пен әйелдердің шешім қабылдау үдерістеріне қатысуы – тұрақты даму саласындағы ұлттық стратегиялардың ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.
«Табиғи ресурстарды басқару мен «жасыл» экономиканы дамыту салаларындағы гендерлік тепе-теңдік мемлекеттік саясаттың басқа да бағыттары сияқты аса маңызды. Ұлттық комиссия экология саласындағы сарапшылармен бірлесе жұмыс істеуге дайын. Біз табиғатты қорғау мен климат саясатына қатысты стратегиялық құжаттарды гендерлік тұрғыдан инклюзивті әрі сезімтал ету жолында күш біріктіретін боламыз», — деді Ж. Ысқақова.
Кездесу барысында сындарлы пікір алмасу өтті. Қатысушылар Ұлттық комиссия мен сарапшылардың алдағы ынтымақтастық бағыттарын талқылап, табиғатты қорғау және климаттық бағдарламаларға гендерлік тәсілдерді енгізу бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын келісті.
Семинарды Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) бірлесіп ұйымдастырды.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT