Бүгін Исатай ауданының төрінде - күллі қазаққа есімі белгілі, «Поэзия падишасы» атанған көрнекті ақын, Қазақстан Республикасының Халық Жазушысы, журналист, Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ауданның төл перзенті, жерлесіміз Фариза Оңғарсынованың 85 жылдығына орай туған жерінде «Бір сергіп қайтсам ба екен елге барып» атты облыстық іс-шара өтті.
Алдымен, шара қонақтары Фариза ақынның 85 жылдығына арналған сурет көрмесін тамашалады. Сондай-ақ, сап бойынша қаз-қатар орын алған мектеп оқушылары ақынның жырларын жатқа оқыды. Меймандар «Бәрекелді» десіп, ризашылықтарын білдіре жатты.
Салтанатты шара шымылдығы қарымды қаламгердің өмірінен үзінді бейнебаян көрсетілуімен ашылса әрі жастардан құралған топ өкілдері жырдан шашу шашып, көрерменнің назарын аудартты.
Алғашқы сөз кезегін алған Исатай ауданының әкімі Нұрым Мусин кеш меймандарына жылы лебізін жеткізіп, іс-шараның сәтті өтуіне тілектестігін білдірді. Осылайша, «Поэзия падишасының» есімін ұлықтау мақсатында -ауданымыздың дамуына, мәдениеті пен рухани өміріміздің өрістеуіне, Фариза Оңғарсынованың еңбектерін насихаттап жүрген бір топ азаматтарға мерекелік медаль табыс етті. Алдымен алғашқы медаль ұлы Айбар Оңғарсынов пен сіңілісі Алмагүл Оңғарсыноваға тағылды.Сондай-ақ, кештің арнайы қонағының біріне шапан жауып, біріне естелік кәде сый ұсынып, құрмет көрсетілді.
Осындай тағылымды, мәдени іс-шара жасауға ұйытқы болған ұйымдастырушыларға Айбар Оңғарсынова өз кезегінде алғысын айтты. Тіпті, анасы туралы жылы естелігімен бөлісті.Көпшілікке қатал, қатты,шыншыл болып көрінгенмен, баласы үшін «ең жақсы ана» болғандығын тілге тиек етті. Бір ғана мысалмен оның жүрегі мейірімділікке, жаны жылулыққа толы бейнесін көз алдымызға әкелді.
Келесі марапаттау кезегі жалғасын тауып, кештің қадірлі қонақтары Нұралы Әжіғалиевтың жары - Қорлығайын Дүсіпова, белгілі ақын Әлия Даулетбаева мен Бақытгүл Бабаш, Фариза апайымыздың бірнеше өлеңіне ән жазып, насихаттап жүрген Болат Кохаманов, сонымен қатар, ақын бейнесін сахналап, халық ықыласына бөленіп жүрген Феруза Рахметова мен Фариза өлеңдерін насихаттап жүрген, Исатай ауданының "Құрметті азаматы" Сайпеден Сидеғалиев, одан бөлек, айтыскер ақын, жерлесіміз Саадат Нұрмановқа арнайы мерекелік медальдар мен гүл шоқтары ұсынылды. Салтанатты кеш соңы - іс-шараның екінші кезеңі облыстық ән-байқауымен жалғасын тапты.
Сағыныш Қайыр