Өңірдің даму динамикасы тұрақты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Көлік-логистика секторын дамыту – стратегиялық мәні айрықша басымдық. Еліміз Еуразия құрлығының дәл ортасында орналасқан. Бұл – бізге әлемдік бәсекеде зор мүмкіндік беретін артықшылық. Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек»,-деді.

ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Өткен жылы Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданды. Онда жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыру қарастырылған. Бұл жобалар энерге­тика, көлік, су және цифрлық инфрақұрылым сынды негізгі төрт бағытты қамтиды. Көлік инфрақұрылымы бойынша 59 жоба енгізілген. Мұнда негізгі көлік дәліздерін дамыту, авто­жолдарды реконструкциялау және теміржол желісін жаңғырту қарастырылған.

Қазіргі таңда Махамбет ауданы бойынша 123 шақырым республикалық, 81,4 шақырым облыстық, 260 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Республикалық жолдарының 100 пайызы, облыстық және аудандық жолдардың 95,9 пайызы «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайда. Аталған көрсеткіш жаңа мөлтек аудандардағы болашақта салынатын жолдарды қоспағанда. Сонымен қатар, ауданда жол жөндеу және жаңарту жұмыстары бойынша бірқатар жұмыс жүргізілді. Махамбет ауылының 20 шақырымға жуық ауылішілік жолы екі кезең бойынша жүргізіліп, асфальт жабындысы толықтай төселінді.

Талдыкөл ауылының 6,2 шақырым кірме жо­лын күрделі жөндеу жұмыстары 2023 жылы ба­сталып, кейін су тасқыны кезінде зақымданған болатын. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары бөлімінің басшысы Асыл­хан Шакимовтың айтуынша, қазір жобалық- сметалық құжатқа өзгеріс енгізіліп жатыр.

– Қазіргі уақытта мердігер мекеме аталған жолға қиыршық тас пен ескі асфальттың жабындысымен кедергісіз өту үшін ауыл тұрғындарына уақытша жол жасады. Алай­да күні бүгін кірме жол құрылысының негізгі қабаты толық жарамсыз болуы салдарынан жобаға түзетулер енгізілуде. Аталған түзетулер аяқталысымен жұмыстар қайта басталады. Жобаның тоқтауына байланысты 684 159,0 мың теңге кемітілді. Жұмыстың орындалғаны 10% құрайды. Сонымен қатар, Талдыкөл ауылының 2,4 шақырым ауылішілік көшелерін күрделі жөндеуге жоба толықтай аяқталып, қабылданды,- дейді бөлім басшысы.

Бұдан бөлек Алға Таңдай, Сарайшық, Ортақшыл, Ақтоғай, Жалғансай ауылдарында да жол жөндеу жұмыстары жүргізілді.

ОРТАЛЫҚ КӘРІЗ ЖҮЙЕСІ – БАСТЫ ПРОБЛЕМА

Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық тұрақтылықты сақтау – қазіргі заманның басты міндеттерінің бірі. Аудандағы басты проблеманың бірі – ол орталық кәріз желісін және кәріз суларын тазарту қондырғысын салу. Бүгінде Махамбет ауылдық округінде 2582 үй, 10 918 адам, бірнеше әлеуметтік нысан, көпқабатты үйлер бар. Орталық кәріз желісін жүргізіп, шыққан лас суды өңдейтін кәріз су­ларын тазарту қондырғысын салу қажеттігі туындауда. Жауаптылардың сөзінше, тұрғын үйлер мен кәсіпорындардың санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында жаңа су та­зарту құрылғылары мен құбырларды жаңғырту жобалары қарастырылуда. Бұл жұмыстар қоршаған ортаға зиянды әсерді азайтуға және ауыз су көздерінің ластану қаупін төмендетуге бағытталған.

– 2024 жылы ауданда экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар маңызды жоба іске асырылды. Солардың бірі – полигон аумағында салынған инфрақұрылымдық ны­сандар. Атап айтқанда, 30 миллион теңгеге по­лигон аумағына сұрыптау кешенін орналастыру үшін ангар орнатылды. Бұл ангар қоқыс өңдеу және сақтау үдерістерін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді,- деді аудандық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас­шысы А.Шакимов.

Сонымен қатар аудан тұрғындарының тұрмыстық қалдықтарды қауіпсіз және тиімді түрде тастауын қамтамасыз ету мақсатында 60 дана жаңа қоқыс жәшігі сатып алынып, қоқыс жәшіктерінің жалпы саны 392 данаға жетті. Бұл қоқыс жәшіктері аудан аумағында арнайы алаңдарға орналастырылды.

– Аудандағы қоқыс қалдықтарын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында 2024-2033 жылдарға арнайы 10 жылдық бағдарлама жасақталды. Бағдарлама аясында қалдықтарды басқарудың кешенді жоспарла­ры енгізіліп, қоқыс өңдеу технологияларын жетілдіру және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттері қарастырылған. Сондай-ақ, Махамбет ауылындағы аумағы 10 гектарды құрайтын қоқыс полигонын жаңарту және оған қажетті коммуникация­ларды жүргізу үшін арнайы жоба жасақталуда. Бұл жоба ауданның экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартуға бағытталған,- дейді бөлім басшысы.

АПАТТЫ ҮЙЛЕРДІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ КӨШІРІЛДІ

Аудан бойынша тұрғын үй кезегіне 1361 тұрғын тіркелген. 2024 жылға халықтың әлеуметтік осал топтары үшін республикалық бюджеттен сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 6 пәтерге 82 412,0 мың теңге және «Самұрық-Қазына «ҰӘҚ» АҚ-ның қаражаты есебінен жекешелендіру құқығы бар 40 пәтер сатып алуға 630 207,0 мың теңге және облыстық бюджет трансферті есебінен қосымша қаржыландыру үшін 195 381,0 мың теңге, жал­пы 908 000,0 мың теңге қаражат бөлінді. Бұл үйлер толығымен сатып алынып, табысталды.

– Қазіргі таңда аудан бойынша жалпы саны 23 көп пәтерлі тұрғын үй бар. Олардың төртеуі – коммуналдық меншікте (Махамбет ауылы, Шұғыла мөлтек ауданы, №54А, №55А, №56А 60 пәтерлік үйлер, Сарайшық ауылы, Н.Абуталиев көшесі, №6Б 8 пәтерлік үй). Қалған 19 үйдің пәтерлері жекешелендірілген, оған қоса үшеуі апатты деп танылған. Күні бүгінге облыстық бюджет қаражаты есебінен 30 үйді сатып алу жұмыстарына 540 000,0 мың теңге бөлініп, Махамбет ауылы, Ж.Қартқожақов көшесі №20 көп пәтерлі апаттық тұрғын үйдің және А.Құнанбаев көшесі, №169 көп пәтерлі апаттық тұрғын үйдің тұрғындарын жаңа пәтерге көшіру жұмыстары толықтай атқарылды,- деді А.Шакимов.

Айта кетейік, Сарайшық ауылындағы Н.Абуталиев көшесі №6Б көп пәтерлі тұрғын үйдің тұрғындарын көшіру жұмыстары 2023 жылдан бері жүргізілуде, қазіргі уақытта 8 пәтер толықтай көшірілді.

Расында, кез келген аймақтың дамуы ауыл мен ауданның көрсеткішіне тығыз байланы­сты. Ал жаһандық өзгерістер мен цифрлан­дыру дәуіріне бейімделу – әрбір деңгейдегі билік органдарының жауапкершілігін артты­ратын фактор. Мемлекеттік қызмет көрсету, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік қолдауды цифрландыру ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл тек уақыт талабы ғана емес, халықтың күткен нақты нәтижесі.

Қ.АЙТҚАЛИЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT