АПТАНЫҢ СОҢЫНДА АУДАН МЕКТЕПТЕРІНДЕ СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СОҒЫЛЫП, БАЛАЛАР ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСҚА АЯҚ БАСАДЫ. ОСЫ ТҰРҒЫДА «АУДАН ОҚУШЫЛАРЫ ҚАЙДА ЖӘНЕ ҚАЛАЙ ДЕМАЛАДЫ?» ДЕГЕН САУАЛ ТУЫНДАЙДЫ.
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл 1-10 сыныптар бойынша 6228 оқушының жазғы демалысы мен бос уақытын ұйымдастыру шаралары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Мысалы, 14 жалпы орта білім беретін мектеп жанынан баланы қамтитын, екі кезеңде жұмыс жасайтын мектеп жанындағы тамақтандыратын лагерьлер ұйымдастырылып, 750 бала қамтылмақ.
Мұндағы бір балаға бөлінген тамақтың құны 1600 теңгені құрайды. Бұл ретте әлеуметтік осал топ санатындағы жетім, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, патронаттық тәрбиедегі, жартылай жетім, ата-анасы мүгедек, ерекше білімді қажет ететін (денсаулық жағдайы лагерьге баруға рұқсат етілетін балалардан), аз қамтылған, көп балалы отбасы, полиция бөлімінде, мектепте әртүрлі құқық бұзушылықтар бойынша есепте тұрған және қолайсыз отбасы балалары бірінші кезекте жазғы демалыспен, жұмыспен қамтылып, бос уақытын тиімді өткізу мүмкіндігіне ие болмақ.
Ал мектеп жанындағы тамақтанбайтын демалыс лагеріне 3530 бала тартылады. Сонымен қатар оқушыларды пікірсайысқа дайындайтын киіз үй лагерьлеріне – 332 бала, спорттық лагерьге – 1160 бала, 3 күндік табиғат аясында серуенге – 1146 бала, тілдік лагерьге – 540 бала, дебаттық лагерьге – 224 және ІТ лагерьге 259 бала баратын болады. Сонымен қатар мектептерде «Жас ұлан және Жас қыран» ұйымдарының жазғы лагері жұмыс жасап, оған 273 ұйым мүшесі қамтылады. Ауданда бөлімге қарасты үш қосымша білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Оларда да арнайы үйірмелер бар. Атап айтсақ, балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубында 16 үйірме ұйымдастырылып, оған 320 баланы қамту жоспарланған. Оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында оқушылар шығармашылық орталығында 9 (110 бала), өнер мектебінде 10 үйірме (100 бала) тегін жұмыс жасап, оқушыларды шығармашылыққа, өнерге баулитын болады. Биылғы жылы оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында алғаш рет «Жас заңгер» үйірмесі жұмысын бастап, онда 12 бала қамтылады.
Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастырудың бір бөлігі – жұмыспен қамту. Жұмысқа негізінен 9-10 сынып оқушылары тартылады. Ал төменгі сынып оқушылары әртүрлі экскурсияларға шығып, қызығушылықтары бойынша клубқа қатысады. Аудан мектептерінде 15 көгалдандыру бригадасы жұмыс жасап, оған 510 бала қамтылады. Олар жасыл желектерді, гүлдерді күтіп-баптаумен айналысады. Мектептерде 485 бала қамтылатын құрылыс- жөндеу бригадасы ұйымдастырылып, олар мектептегі жөндеу жұмыстарына және ауладағы тазалық жұмыстарына көмектеседі. Бұған қоса ата-анамен бірге 136 бала отбасылық кәсіптерімен айналысады. Мектеп жанындағы лагерьлерден бөлек, Ресей Федерациясының Железноводск қаласында әлеуметтік осал топ санатындағы жетім, қамқорлыққа алынған, патронаттық тәрбиедегі, аз қамтылған, көп балалы, жартылай жетім, ата- анасы мүгедек, ерекше білімді қажет ететін балалар санатынан «Қазақстан геологы» лагерінде – 56 бала, Елтай ауылындағы «Жас өркен» лагерінде – 40 бала, Махамбет ауданындағы «Арай» лагерінде – 19 бала, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының жолдамасымен Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Керей ауылындағы «Delve camp» лагерінде осал топ санатындағы жетістігі бар 5-8 оқушыларынан 37 бала демалатын болады.
Айта кетер жайт, биыл «Жас өркен» лагері «Қазақстан геологі» пансионатының теңгеріміне өтуіне байланысты ауданнан 1008 бала емес, тек 40 бала демалады. – Ауданнан тысқары лагерьге баратын оқушылар аудандық білім бөлімінің тәртіптемесіне сәйкес, мектептегі қамкоршылық кенестің ұсынысы мен мектеп директорының бекіткен тізімі бойынша жіберіледі. Және аудандық аурухананың берген ұсынымына сәйкес манту сынамасы оң нәтиже көрсеткен, сауықтыруды қажет ететін топтағы аурулар тізбесіне сәйкес балалар, қолайсыз отбасы, полицияның, мектепішілік есептегі балаларды лагерьмен қамту назардан тыс қалмайды, – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Тұрсынай Аренова.
Ж.НАРИМАНОВА