Адамзат тарихына өшпес қара таңба салған 1941-1945 жылдарғы Екінші дүниежүзілік соғыс дүмпуі басылып, Ұлы Жеңістің салтанат құрғанына биыл - 80 жыл.
Қан майданда дұшпанын жер жастандырып, Отаны үшін мерт болған боздақтардың қатарында кезінде Мақат аудандық, Гурьев облыстық комсомол комитеттерінің бірінші хатшысы Хиуа Мұқанов та бар.
Ол 1924 жылы Лениндік шақыру бойынша Бүкілресейлік Коммунистік Жастар Одағының мүшелігіне қабылданып, жалынды өмірін комсомол қызметінде өткерді. Қосшағыл мұнай кәсіпшілігінде, Гурьев аудандық, округтік, облыстық комсомол комитетінде хатшы, Қазақстан комсомолының Орталық Комитетінде екінші хатшы болған.
Хиуа Мұқанов 1910 жылы Ақтөбе облысындағы Қарабайлы болысында дүниеге келген. Әкесі – орта шаруа, ауылдың құрметті ақсақалдарының бірі болған. Хиуаны 1 жа¬сында әкесінің інісі Мұқан асырап алады. Тоғыз жылдық мектепті бітірген соң ол Қызылордадағы екі жылдық әкімшілік-бухгалтерлік мектепке оқуға түседі. Бұл мектепті бітіргеннен кейін 1930 жылдың аяғында аудан орталығы Доссор кәсіпшілігіне жолдама алады. Алғашқы еңбек жолы осылай басталады. 1931-1937 жылдар арасында Доссорда, Қосшағыл мұнай кәсіпшілігіндегі комсомол комитеттерінде хатшылық қызмет атқарады.
1932-1935 жылдары Омбы, Есік қалаларында орналасқан құрамаларда әскери борышын өтеп, взвод командирінің көмекшісі міндетін атқарады. Қабілетті курсант, жігерлі командир ретінде 19 рет мақтау грамотасымен наградталып, құрмет тақтасына ілінеді. Омбы қалалық Кеңесіне депутат болып сайлануының өзі Хиуаның қаншалықты белсенді азамат болғанын танытса керек. Сондай-ақ ол неміс, украин тілдерін орташа, орыс, қырғыз, өзбек тілдерін жетік білген.
Ұлы Отан соғысы басталғанда Хиуа Уфа қаласында Шығыс мұнай өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағы Орталық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып істейтін. Башқұрт республикалық әскери комиссариаты Х.Мұқановты Москвадағы Ленин атындағы әскери-саяси училищеге оқуға жібереді. Училищені қысқа мерзімде бітіргеннен кейін ол Қазақ дивизиясы штабы саяси бөлімі бастығының орынбасарлығына тағайындалады.
1942 жылдың қыркүйек айында Х.Мұқанов Сталинград майданына аттанады. Балаклея үшін болған шайқас кезінде Х.Мұқанов 15-атқыштар корпусының комсомол істері бойынша нұсқаушы болған.
Майданнан жазылған хаттарды зайыбы Зоя Алексеевна жиі алып тұрса керек. «Мен сегіз фашисті жайраттым» ,-деп жазыпты ол бір хатында.
"Олар жауласуға келді, дұшпанды құрту - менің қасиетті борышым. Ешнәрсеге мұқтаж емеспін, мені ойлап қамықпаңдар» деп, тағы бір хатында батылдығы үшін екі рет марапатталғанын хабарлаған. Содан соң хабарошар болмай қалады. Хат күтіп зарыққан Зоя Алексеевнаға 1943 жылы 28 наурызда үшбұрышты солдат хаты келеді. Бұл жолы өмірсерігінен болмай шығады. Х.Мұқановтың майдандас досы майор Ыбраев жазған екен. Онда Хиуаның Украина жерін азат ету үшін ақырғы демі біткенше арпалысып, ерлікпен қаза тапқанын хабарлайды. Көп кешікпей батырдың зайыбына толассыз хаттар келген. Ол хаттарда Хиуа Мұқанұлы Мұқановтың Балаклея қаласын фашистік қарақшылардан азат ету жолындағы сұрапыл ұрыста теңдесі жоқ ерлікпен 1943 жылдың 1 ақпанында, келесі хатта 11 ақпанында қаза тапқандығын және батырдың денесі Балаклея қаласындағы заводтың жазғы паркінде жерленгендігін хабарлайды.
Адамзат тарихында алапат қасірет әкелген осынау отты жылдардағы зобалаңның салмағының ауыр болғанын бүгінгі ұрпақ ешқашан да ұмытпауы тиіс. Украинаның Балаклея қаласының Құрметті азаматы Хиуа Мұқановтың ерлігі кейінгі жас ұрпаққа үлгі-өнеге.
Г.МЫРЗАҒАЛИЕВА,
Мақат тарихи- өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі