Биыл еліміз Ұлы Жеңіс күнін тағы да ерекше құрметпен атап өтті — бұл халқымыз ерекше тебіреніспен еске алатын қасиетті дата.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз құттықтауында:
«Қанды соғыста ерлік пен табандылық танытқан қаһармандардың ерліктері біздің жадымызда мәңгі сақталады. Біз тарихи шындықты қастерлеп, оны келер ұрпаққа жеткізуге міндеттіміз», — деп атап өтті.
Бұл сөздер әрбір жүрекке терең әсер етеді.
Жыл өткен сайын арамызда сол сұрапыл соғыстың тірі куәгерлері — ардагерлеріміз азайып барады. Олардың жүздері — тірі тарих, ал естеліктері — баға жетпес мұра. Оларды есте сақтау тек 9 мамыр күнімен шектеліп қалмай, күн сайын — біздің іс-әрекетімізде, үлкенге деген құрметімізде, бейбітшілік пен еркіндікті бағалай білуімізде көрініс табуы тиіс.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс — бұл тек тарихи оқиға емес, сонымен қатар бейбітшіліктің қаншалықты нәзік екенін еске салатын маңызды белгі. Бүгінде бұрынғыдан да бетер бірлікте болып, бір-бірімізге құрметпен қарап, соғыс пен зорлық-зомбылықсыз болашақты бірге құру аса маңызды. Өйткені дәл осы үшін біздің аталарымыз бен бабаларымыз өз өмірлерін құрбан етті.
Естен шығармау — ризашылықпен өмір сүрудің белгісі.
Сондықтан әрбір үйде, әр мектепте және әр жүректе осы естеліктерге орын табылатынына сенемін.
Жанар Әбіш
Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы