«Ерлік - ел есінде»: Атырауда полицейлер үш жыл бұрын құтқарылған азаматтың отбасымен кездесті

Бүгін Атырау облысы полиция департаментінде ерекше әрі жүрекке жылы кездесу өтті. Үш жыл бұрын жүрек талмасына ұшыраған азаматты ажал аузынан арашалап қалған патрульдік полиция ротасының қызметкерлері сол күні құтқарған отбасы мүшелерімен кездесті.

Оқиға 2022 жылдың 19 маусымында кешкі сағат 19:00 шамасында болған. Алмалы ауылы маңында патрульдік полиция ротасының қызметкерлерін тоқтатқан Сандуғаш Махсотова Нива автокөлігін жүргізіп келе жатқан жолдасының кенеттен өзін жайсыз сезініп, тынысы тарылып, есінен танып бара жатқанын айтып, көмек сұраған.

Шұғыл әрекет ету керектігін түсінген полиция капитандары Жанболат Дармұқанов пен Сағынтай Мырзашев азаматты бірден жақын маңдағы медициналық мекемеге жеткізеді. Дәрігерлер 1978 жылы туған науқасқа инфаркт диагнозын қойып, шұғыл ота жасайды. Ақ халаттылардың айтуынша, дер кезінде көрсетілген жедел көмек пен полиция қызметкерлерінің шапшаңдығы науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.

- Біз ата-анамыздың үйінен қайтып келе жатқанбыз. Кенет күйеуім өзін жайсыз сезініп, көлікте тұншыға бастады. Өзім рөлге отыруға қорқып, полициядан көмек сұрадым. Қызметкерлер жедел әрекет етіп, бірден ауруханаға жеткізді. Дәрігерлер дәл уақытында жеттіңіздер деді. Кейін бұл ер азаматтардың полиция капитандары Жанболат Дармұқанов пен Сағынтай Мырзашев екенін білдік. Сол күннен бастап осы ержүрек азаматтарға шексіз алғыс білдіреміз. Бүгін олармен қайта жүздесіп, алғысымызды жеткізу — біз үшін үлкен мәртебе, – дейді Сандуғаш Махсотова.

Полиция капитандарының бұл әрекеті – азаматтық борыш пен адам өміріне деген биік жауапкершіліктің жарқын көрінісі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT