Ерекше балаларға қызмет көрсететін мамандар оқытылуда

Атырауда облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «№3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығының мамандарын оқытуға бағытталған кешенді ҮШ КҮНДІК семинар басталды. Іс-шара ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиеваның бастамасымен және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен ұйымдастырылды,- деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Семинарды Алматы қаласынан келген «Кеңес» орталығының кәсіби мамандары өткізуде. Шара барысында мекеме қызметкерлеріне клиникалық-психологиялық және педагогикалық сипаттамаларды теориялық және практикалық тұрғыдан зерделеу жолдары түсіндіріліп жатыр.

Негізгі мақсат — қызмет алушылардың жағдайын бағалау арқылы олардың жеке қажеттіліктерін анықтап, жаңа мотивациялық, ғылыми негізделген психокоррекциялық және нейрокогнитивтік тәсілдер арқылы жан-жақты жеке тұлғалық даму бағытын қалыптастыру.

Сабақтар аясында ауыр жағдайдағы балалардың жай-күйін бағалау және оларға кешенді сипаттағы арнаулы әлеуметтік қызметтерді ұйымдастыру бойынша ұсыныстар берілуде. Семинар жұмыстары апта соңында қорытындыланып, нәтижелері талданады.

- Түрлі диагнозы бар балаларды ерте жастан емдеу маңызды. Біздің орталық 3-18 жас аралығындағы балаларды емдейді. Десе де ем-домға диагноз анықталған бойда кіріссе, ата-аналар нәтижені ертерек көретін еді. Біздегі мамандар балалармен жеке дара жұмыс істейді. Бірақ біз оларды көпшілікке үйретуіміз керек, ол үшін де бірнеше жұмыс атқарылуда. Емделушілер арасында синдром дауна және аутизм диагнозы бар балалардан нәтиже көреміз. Себебі оларды қоғамға қосуға мүмкіндік бар. Олардың ішінде ашылмаған қасиеттері көп, - деді №3 арнаулы қызметтер көрсету орталығының директоры А.Каюпова.

Қазіргі уақытта №3 орталықта 30 арнайы маман, 20 тәрбиеші жұмыс істейді. Мекемеде 150 бала ем қабылдайды, оның ішінде стационарлы емделушілер де бар.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT