Елімізде зейнетақы өседі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Президент тапсырмасына сәйкес, алдағы 2 жылда зейнетақы мөлшері 1,7 есе өсуі керек. Сол себепті, мемлекет жаңа жылдан бастап төлемдерді қайта қарастырып, индексация жүргізуді жос­парлап отыр. Келер жылы зейнетақы мөлшері 8,5%-ға өспек.

Алдымызда 2027 жылға дейін зейнетақының ең төменгі базалық мөлшерлемесін, ең төменгі күн­көріс деңгейін 70%-ға, ал жоғар­ғы шегін 120%-ға жеткізу мақ­саты тұр. Орындалуы үшін саты­лы қадамдар легі басталып кетті. 2025 жылы айлық есеп­тік көрсеткіш мөлшері 240 тең­ге­ге көбеймек. Яғни 3 692 теңге­ден 3 932 теңгеге көтеріледі. Сәйкесінше, мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы мен зейнетақы көлемі де ұлғаймақ. Үкімет зейнетақы төлемдерін ел тұрғындарының жасы мен еңбек еткен жылдарына қарай 8,5%-ға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Нақты айтар болсақ, зейнет­а­қы­ның ең төменгі мөлшері – 62 771 теңге болды. Қазір – 57 853 теңге. Базалық зейнетақы 28 215 теңгеден 32 360 теңгеге өседі. Ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 407 теңгеден 46 228 теңгеге көбейеді. Ал ең төменгі жалақы деңгейі еш өзгеріссіз қалмақ. Яғни 85 мың теңгені қанағат тұтамыз. Келер жылға республикалық бюджеттің біршамасы белгіленіп те қойды. Әлеуметтік төлемдердің 42 түріне 6 трлн теңгеден астам шығыс көзделді. Биылмен салыстырғанда 12,5%-ға өседі.

Еске сала кетейік, қазір еліміз­­де 2 млн 400 мыңнан астам зейнеткер бар. Оларға жыл басынан бері республикалық бюджеттен 3,5 трлн теңгеге жуық зейнетақы төленді. Оның ішінде, базалық зейнетақыға 1 трлн 82 млрд теңге, ынтымақты зейнетақы төлеуге 2 трлн 355 млрд теңге бөлінген. Ал жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 131 556 теңгеге жетті.

2018 жылдан бастап мемлекет­­тік базалық зейнетақы төлемі әр адамға жеке-жеке тағайындалып келеді. Яғни азаматтың зейнетақы жүйесіндегі өтілі ескеріледі. Оны заңда белгіленген нормаларға сәйкес, өз қалауынша шешіп алуға да болады. Кейінгі уақыт­та қордан ақша шешу қарқы­­­­ны үдей түсті. Өткен айда жинақ­тарын шешіп алғандар саны айтар­лық­тай артқан. Көбі шоттағы ақшасын тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға жұмсаған. Бұған 56 мың­дай өтініш түскен. Қазан айы­мен салыстырған 25%-ға артық. Жалпы, барлығы 46,3 млрд теңгеге жеткен. Ал емделуге 21 мыңға жуық өтініш келген. Бұған қордан 20,5 млрд теңге аударылды.

Бас банктің хабарлауынша, биыл қарашада БЖЗҚ-ға аударымдар 20,7 трлн теңгеге жеткен. 31 жастан 40 жасқа дейінгі салымшыларда жинақтардың ең көп көлемі 6,02 трлн теңге болып отыр. Осы топқа жататындар саны 3 млн-нан көп. Ал 41 жастан 50 жасқа дейінгі отандастарымызда 5,95 трлн теңге болған. Мұндай 2,4 млн шот бар. Бәрінен бұрын 51 мен 60 жасқа дейінгілер көп ақша жинаған – 5,2 трлн теңге. Қызығы, ең аз зейнетақы жинақтары егде жастағыларға тиесілі екен. 71-80 жастағы салымшылардың шоттарында 8,9 млрд теңге, 81 жастан асқандарда 1,6 млрд теңге бар.

Айтпақшы, зейнетақы жина­ғына мұқият болған абзал. Бұлай дейтін себебіміз, кейінгі кез­­­­­де­рі осыған қатысты жалған, қауіп­ті ақпараттар жиі тарап жүр. Әлеу­­меттік желілерде, онлайн-хабар­­ландыру платформаларын­­­­да ең төменгі жеткіліктілік шегінен (ТЖШ) асатын зейнетақы жина­­­ғын алуға көмектесемін деген ұсы­­­­ныс­тар қаптаған. Оны тек зейнет жасына толғанда, шетелге кеткенде яки мұрагерлік үшін ғана алуға болатынын ескерген жөн. Зейнетақы қорының баспасөз қыз­меті заңда бекітілген жағ­дай­­­дан басқа себеппен қаржы­ны шешіп аламын деу алаяқтық деп мәлімдеді. Егер заңсыз қызметке келіссеңіз, ақшаңыздан айрылып қаласыз. Қауіптің алдын алу үшін заң бойынша ақшаны қандай мақсатқа алуға болатынына назар аударайық:

  • Ең төменгі жеткіліктілік ше­гі­нен асатын жинақтары бар салым­шылар (ТЖШ-дан асатын сома шегінде);
  • Зейнетақысы жоғалған та­­быс­­тың (бұрын алынған жала­қы­сы­­ның) кемінде 40% құрай­тын зейнеткерлер – олар шотта қалған жинақтарының 50%-ына дейін пайдалана алады;
  • Еңбек сіңірген жылдары бойынша зейнеткерлер (жинақ­та­рының 100%-ына дейін пайдалана алады);
  • Зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан салымшылар (жи­нақ­­тарының 100%-ына дейін пайда­лана алады).

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT