Елімізде салық берешегін өндіріп алу тәртібі қайта қаралады

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кіріс комитеті Аудит департаментінің басқарма басшысы Қайсар Арын қай жағдайда салық органдары борышкерлердің мүлкіне өндіріп алу шарасын қолданатынын түсіндірді.

Бастапқыда салық төлеушіге берешегін өз бетінше өтеуге мүмкіндік беріледі. Осыдан кейін салық төлеуші төлемді өтемесе, мәжбүрлеп өндіріп алу іс-қимылдары жасалады.

    - Заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер салықты уақытында төлемегенде, Салық кодексі аясында хабарлама жолданады. Бұл ретте тәуекел дәрежесі бар. Яғни жоғары дәрежелі тәуекел болса, хабарлама жіберілгеннен кейін, бір жұмыс күні ішінде біз мүлкіне шектеу іс-қиылдарын атқаруымыз керек. Ал орта дәрежелі тәуекел аймағында болса, онда 15 жұмыс күнінде мүлкін шектеу жұмыстарын жүзеге асырамыз. Осы тәртіп Салық кодексінің 120-бабында көрсетілген.

    Мүлкін шектеу дегеніміз не? Салық төлеушінің тіркеуге қойылған мүлкіне байланысты және бухгатерлік теңгерімінде тұрған мүлікіне шектеу қоямыз. Сонымен қатар, өндіріп алу іс-қимылдарын атқарамыз, - деді комитет өкілі елордада өткен брифингіде.

Мұнымен қоса Қ. Арын қазір Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан жаңа Салық кодексінде өзгеше тетіктер пысықталып жатқанын атап өтті. Жаңа Салық кодексінде сараланған тәсіл қарастырылған. Қазір 180 мыңға жуық борышкер болса, оның 60 пайызының 20 АЕК-ке дейін (78 640 теңге) қарызы бар.

Оның айтуынша, жаңа кодекс жобасына ведомство тиісті ұсыныс жасаған. Егер салық төлеушінің айыппұлды, өсімпұлды және негізгі салықты қосқандағы жалпы сомасы 20 АЕК-ке дейін (78 640 теңге) қарызы болса, онда салық органы ескерту жіберумен шектеледі. Басқа ешқандай жаза қолданылмайды.

    - Бұдан бөлек, 20-дан 45 АЕК-ке дейінгі (78 640 - 176 940 теңге) қарыздар бойынша банк шоттарының шығыс операциялары мен касса бойынша шығыс операцияларды тоқтата тұру өкімі шығарылып, онда салық берешегін өтеу мерзімін көрсете отырып, хабарлама жіберумен шектелеміз, - деді Қ. Арын.

Оның сөзіне қарағанда, аталған қадамдар қарызды өндіріп алуға әкелмесе, онда 45 АЕК-тен (176 940 теңге) жоғары берешек кезінде өсімпұлды толық есептеу, банк шоттары мен кассалар бойынша шығыс операцияларын бұғаттау, инкассалық өкім шығару, мүлікті түгендеу және басқа да іс-шаралар атқарылады.

Бұған дейін мемлекет алдында қарызы бар компаниялардың көбіне іс қозғалғанын жазған едік.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT