Соңғы алты жылда Қазақстан экономикасында ауқымды өзгерістер орын алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ел экономикасы жаңа даму кезеңіне қадам басты. Әсіресе, экономиканы әртараптандыруға бағытталған саясат өз жемісін беріп, шикізаттық емес секторлар серпінді дамуда.
2024 жылдың соңында елдің ЖІӨ 288 миллиард долларға жетіп, жан басына шаққандағы көрсеткіш 14 мың доллардан асты. Бұл – Қазақстанның табысы жоғары елдер қатарына жақындай түскенін көрсететін маңызды белгі.
2019-2024 жылдар аралығында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 31,4%-ға өсті. Мемлекеттің қолдау шараларының нәтижесінде, бұл сала экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналды. 2024 жылдың өзінде өңдеу өнеркәсібінде 1,3 трлн. теңге көлемінде 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды, бұл сектордың 6%-ға өсуіне ықпал етті.
Әсіресе, машина жасау саласы айтарлықтай серпін алды. Өндіріс көлемі үш есеге артып, 2018 жылы 30 мың бірлік болған жеңіл автомобильдер саны 134 мың бірлікке дейін жетті. Жүк көліктері, автобустар мен арнайы техника өндірісінде де айтарлықтай өсім тіркелді.
Ал Президенттің мұнай-газ химиясын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, бұл салада жаңа өндірістер іске қосылды. Атыраудағы KPI зауыты бүгінде Орталық Азиядағы ең ірі кәсіпорындардың біріне айналып, полипропилен өндірісін жолға қойды.
Ауыл шаруашылығы да мемлекеттік қолдаудың арқасында қарқынды дамуда. Соңғы алты жылда бұл салаға 2,5 трлн. теңге субсидия бөлініп, агроөнеркәсіп кешенінің жалпы өнім көлемі 1,8 есе өсіп, 8,3 трлн. теңгеге жетті. Ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігі екі есеге артып, 4,2 млн. теңгені құрады.
Жергілікті өндірісті қолдау да – экономикалық саясаттың негізі. Осы тұста Президенттің отандық тауар өндірушілерді қолдау саясаты өз нәтижесін беріп отыр. Мемлекеттік сатып алуларда қазақстандық кәсіпорындарға басымдық берілуі – отандық өндірісті ынталандырудың маңызды тетігі.
Қорытындылай келе, соңғы алты жыл Қазақстан экономикасы үшін сындарлы кезең болғанымен, мемлекеттің тұрақты саясаты мен нақты реформаларының арқасында ел дамуында жаңа мүмкіндіктер ашылды. Алдағы жылдары Қазақстанның өндірістік әлеуеті одан әрі артып, табысы жоғары елдер қатарына кіруге жақындай түсері сөзсіз.
Ақмарал ЖАЛҒАСБАЕВА,
экономика ғылымдарының кандидаты