Экология: 2024 жылдағы бақылау және айыппұлдар қорытындысы қандай?

Атырау облысы бойынша Экология департаменті 2024 жылы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын сақтау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Жыл бойы өңірде экологиялық заң бұзушылықтардың алдын алу, бақылау және түзету шаралары қарқынды жүргізіліп, қоршаған ортаны қорғауға айтарлықтай көңіл бөлінді.

Департаменттің өкілдері жыл ішінде 35 тексеру өткізген. Оның ішінде 10 профилактикалық бақылау, 21 жоспардан тыс тексеру, 4 талаптарға сәйкестігін тексеру бойынша жұмыстар жүргізілді.

Бұл шаралар аймақтағы экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз етуге, табиғатты қорғау талаптарын орындауды бақылауға бағытталды.

– Әкімшілік жауапкершілік және салынған айыппұлдар туралы айтар болсақ, экология департаменті 2024 жылдың 11 айында 163 әкімшілік іс қозғады. Оның ішінде 10 іс сотқа жолданып, сот шешімімен 22 миллиард 20 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қалған істер бойынша департаменттің қаулысымен 19 миллиард 617 миллион теңге көлемінде айыппұл белгіленді. Жалпы алғанда, 2024 жылы экологиялық заңнаманы бұзғандарға салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 41 миллиард 638 миллион теңгені құрады, — дейді Атырау облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлан Есенов.

Айта кету керек, сала қызметкерлері атқарған жұмыс тек заңбұзушылықтарды анықтау мен айыппұл салуға ғана бағытталмаған. Басты мақсат – қоршаған ортаға келтірілетін зиянды азайту, табиғатты қорғау мәдениетін қалыптастыру және экологиялық ахуалды жақсарту. Департамент өкілдері азаматтардың табиғатқа жауапкершілікпен қарауына үндей отырып, өндіріс орындарын экологиялық нормаларды қатаң сақтауға шақырады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Сурет: mtrk.kz

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT