Еңбек күні: Олжас Бектенов Президент атынан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне марапаттар табыстады

Премьер-министр Еңбек күніне арналған «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» республикалық форумына қатысты. Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан ел экономикасының нығаюына және дамуына үлес қосқан жұмысшы мамандықтары өкілдеріне мемлекеттік наградаларды табыстады.

Форумға қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде Премьер-министр Президенттің Ұлттық құрылтайда белгілеп берген «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» қағидаты бүгінде Қазақстан қоғамының дамуындағы басты бағытына айналғанын атап өтті.

Қазақстанда Еңбек күні он жылдан астам уақыттан бері аталып келеді. Биылғы Жұмысшы мамандықтары жылы аясында бұл мерекенің маңызы артып, қоғам дамуының негізі саналатын адал еңбекке құрметтің белгісіне айналды. Қазір елде шамамен 2,5 млн маман еңбек етеді. Олардың қатарында шахтерлер, металлургтер, педагогтар, энергетиктер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар, агрономдар, технологтар және басқа да сала өкілдері бар.

Үкімет жұмысшы мамандықтары иелеріне әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Еңбек жағдайлары жақсартыла отырып, ондағы процестер автоматтандырылуда. Техникалық білім беру жүйесі реформаланып, кәсіби стандарттар жаңартылуда. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыс нығайып келеді.

Жұмысшы мамандықтарына арнап жайлы жағдай жасау бағытындағы маңызды қадамның бірі – Президент бастамасымен Отбасы банкінде арнайы «Наурыз жұмыскер» бағдарламасының іске қосылғаны болды. Бүгінде бұл бағдарлама арқылы 2 мыңнан астам отбасы баспаналы болды.

Сонымен қатар цифрлық технологияларды дамыту – ерекше назарда.

«Мемлекет басшысы Қазақстанның болашағын инновациялық даму жолында көреді. Ол халыққа Жолдауында ауқымды цифрландыруды және жасанды интеллектіні белсенді енгізуді басымдық ретінде айқындады. Алдыңғы қатарға жаңа технологиялар шығады. Бұл – экономикалық өсімге және азаматтардың өмір сапасын одан әрі жақсартуға кең мүмкіндік. Инновациялық шешімдер өнеркәсіпке, көлік саласына, медицинаға, білім беруге және басқа да көптеген салаларға енгізілуде. Барлық жасалып жатқан шаралар қуатты Цифрлық Қазақстанды қалыптастыруға бағытталған»,


— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Үкімет жүргізіп отырған цифрлық прогреске қол жеткізу жұмыстары аясында кадрларды даярлау және кәсіби-техникалық білім беруді дамыту басты назарда болып отыр. Биыл 9-сынып түлектерінің 100%-ы геология, машина жасау, энергетика, көлік, IT және басқа да сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде тегін білім алумен қамтылды. Соңғы екі жылда студенттердің шәкіртақысы екі есеге өсті. Колледждерде материалдық-техникалық база жаңартылды, студенттердің жатақханамен қамтылуы шамамен 90%-ға жетті.

Үкімет азаматтарға жаңа дағдыларды игеруге және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға барлық жағдайды жасауға мүдделі. Елдің барлық өңірінде білім беру мекемелері мен өндіріс орындары арасындағы ынтымақтастық нығайып келеді. Колледждерді қамқорлыққа алған кәсіпорындардың саны 8 есе артты, бизнеспен жасалатын дуалды келісімшарттар саны 2 есе көбейді.

Іс-шара барысында Халықаралық еңбек ұйымының бас директоры Жилбер Фоссун Хунгбо форум қатысушыларына бейнеүндеу жолдады. Ол әлеуметтік диалогты қамтамасыз етуде және еңбек нарығының инклюзивті әрі тұрақты дамуына жәрдемдесуде шешуші рөл атқаратын жұмыс берушілер мен қызметкерлердің өкілді ұйымдарының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлеуметтік серіктестер осы диалогты дамытып, әрі қарайғы қадамдарды анықтап, бірлесіп жұмыс істеуді жалғастыруда.

Сондай-ақ «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер конфедерациясы президиумының төрағасы Жұмабек Жанықұлов сөз сөйледі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT