АСТАНА. KAZINFORM — Елордада тағы бір еңбек адамы ерекше өнерімен көпшілікті таңғалдырып жүр. Марат Жекенов 20 жылға жуық коммуналдық мекемеде жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол қыста көшелерді қардан тазартып, жазда шаң-тозаңды азайтып, Астананың тазалығын қадағалайды. Сөйте тұра, қарапайым жұмысшының ел қызығатындай хоббиі бар.
Марат Жекенов – қысы қытымыр, жазы аптап Астанада көшелердің тазалығын сақтап жүрген еңбек адамдарының бірі. Ол коммуналдық техниканы жүргізеді және жұмыс күні 10 сағаттық аусымнан тұрады. Жолдың әр шақырымы оның табанды еңбегімен тазарып отырады.
Ал оның құрақ құрайтын ерекше хоббиі көпшілікті таңғалдырған. Бұл өнерге алғаш болып жұбайы әуестеген екен. Немерелеріне арнап жасау тігіп берсем деген тілекпен басталған қызығушылық бүгінде тұтас бір отбасылық кәсіпке айналды.
– Күнде жұмыстан келгенде тігін машинасы зырылдап тұрады. Кемпіріме көмектесіп жүріп, мен де бос отырмайын деп іске кірісемін, содан үйреніп кеттім. Жұмыстағы көліктің шуынан осылай демаламын. Алғашында әріптестерім таңғалған. Қазір тапсырыс беретіндері де бар. Осылайша сүйікті хобби кішігірім табыс көзіне айналды, – дейді М.Жекенов.

Марат Жекеновтың зейнетке шығуына бір-ақ жыл қалды. Алдағы арманы – кішігірім отбасылық кәсібін кеңейтіп, тігін цехын ашу.
еңбек адамы
Еске сала кетейік, Астанада Жұмысшы мамандықтар аллеясы ашылды.
https://kaz.inform.kz/news/enbek-adami-kala-tazaligina-zhauapti-kariya-kurak-korpe-tged-486553/

