Кеңес-герман соғысы кезінде Қызыл Армия қатарына шақырылған сарбаздар қабілеті мен икеміне қарай түрлі әскери құрамаларға бөлінген. Бастапқыда соғысқа әзірлігі төмендеу болған кеңес қолбасшылығы біртіндеп жауынгерлердің тәжірибесі мен дағды-машықтарына қарай оларды дайындай бастады.
1943 жылдың 22 ақпанында Бақсай (қазіргі Махамбет) аудандық әскери комиссариаты арқылы армия қатарына аттанғанда Құспан Олжабаев небәрі он сегіз жаста еді. Өзі сияқты оң-солын айырып үлгермеген сарбаздармен бірге башқұрт жеріндегі әуе десанты училищесіне түскен. Уфадағы училищеде оларды бар болғаны алты айда дайындап шығарады. Себебі бұл – соғыстың нағыз қайнап тұрған шағы.
Өзге құрамалардан гөрі дұшпанды айла-тәсілмен алатын десантшылардың қажеттілігін Ставкадағылар да жақсы түсінген болатын. Сондықтан, оларды жедел дайындап, ІІІ-Украина майданының құрамындағы 37-гвардиялық Қызыл тулы Свирь атқыштар корпусына бағынышты 99-гвардиялық Кутузов орденді Свирь атқыштар дивизиясының 297-гвардиялық атқыштар полкінің әуе десанты құрамасына жөнелтеді. Бастапқыда 14-гвардиялық әуе десанты дивизиясы болып құрылған бұл құрама сапында гвардия жауынгері Қ.Олжабаев 1944-1945 жылдары Карель түбегі мен Венгрия, Чехословакия, Австрия тәрізді Еуропа мемлекеттерінің жеріндегі Выборг-Петрозаводск, Свирь-Петрозаводск, Балатон, Вена, Веспрем, Шопром-Баден, Прага, Йиглаво-Бенешов әскери операцияларына қатысқан. Аталмыш елдерді басқыншылардан азат ету жолында десантшы Олжабаевтың қайсарлығы мен ептілігі айрықша көрінеді. Бірақ соғыс жағдайындағы тәртіп бойынша аса құпия тапсырмаларды орындайтын десантшылардың қаһармандығы жалпы құжаттарға ашық жазыла бермейтін.
297-гвардиялық атқыштар полкінің құрамындағы он тоғыз жасар десантшы Құспан Олжабаев 1944 жылғы 11 шілдеде Карель майданында полк әскерлерінің сол жақ қанатында шабуылға шығып, бір өзі 18 жау автоматшысын жайратып салды. Бұл кезде Қ.Олжабаевтың әскери шені қатардағы жауынгер болғанмен, 7-атқыштар ротасында бөлімше командирінің орынбасары болатын. Оның осы ержүректігін жоғары бағалаған полк командирі, гвардия полковнигі Бондаренконың 15 шілдедегі №08/н бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Соғыс кезінің тәртібі бойынша ерекше қаһармандық көрсеткен жауынгерлер мен офицерлерді әрбір ұрыстан кейін әскери құрылымдардың командирлері мен штаб қызметкерлері үкімет наградасына ұсынып отырған. Соның бәрі жинақталып, әскери жарғыға сай дер кезінде марапаттау шаралары өткізіліп тұратыны ресми құжаттарда қатталыпты.
ІІІ-Украина майданы құрамындағы 99-гвардиялық Свирь атқыштар дивизиясының командирі, гвардия полковнигі Китиченконың 1945 жылдың 30 сәуіріндегі №015/н бұйрығына сәйкес екінші мәрте «Ерлігі үшін» медалі әуе десантшысы Құспан Олжабайұлына 14 сәуір күні жасаған өжет іс-әрекеті үшін берілген. Австрияның Фишау қаласы маңындағы таулы аймаққа арнайы тапсырмамен түскен десантшылар тобын дұшпан байқап қалып, қолға түсірмек болады. Өзіне тап берген үш неміс солдатының екеуін сол жерде жайратып салған Құспан еңгезердей бір фашисті тұтқынға алған. Сол үшін дивизияның дербес оқу батальонының командирі, гвардия майоры Паламарчук оны «Ерлігі үшін» медаліне ұсынады.
Ал, гвардиялық дербес оқу батальонының командирі, гвардия капитаны Войтинцевтің 1945 жылғы 5 маусымдағы №25/н бұйрығымен Қ.Олжабаевқа үшінші рет «Ерлігі үшін» медалінің берілуіне бұдан бірнеше ай бұрынғы Германияның Нойштадт Ростр қаласы маңындағы қайсарлығы негіз болған. Сол жылғы 24 наурызда арнайы тапсырмаға шыққанда өз міндетіне ерекше мұқият қарайтын жиырма жастағы десантшыға топ басшысының қасында болып, оны қорғау тапсырылады. Берілген тапсырманы мүлтіксіз әрі жедел орындайтын Олжабаевқа үнемі алдыңғы шепке аса құпия бұйрықтарды жеткізу жүктелуші еді. Сондай жауапты тапсырмаға шыққан ол ой-шұңқырын білмейтін неміс жерінде – Нойштадт Ростр қаласынан оңтүстікке қарай шыға берістен екі немісті тұтқынға алған. Бастапқыда кеңес әскерлеріне қарсы бүлікшілер деп ойлаған ол әлгі екеуді батальон командиріне жеткізеді. Тергеу кезінде олардың Қызыл Армия тылына дендей еніп, арнайы тапсырманы орындауға жіберілген әккі диверсанттар екені белгілі болыпты. Осылайша, Қ.Олжабаевтың батылдығы, епті іс-қимылы мен қайсарлығының арқасында жаудың жымысқы әрекеті жүзеге аспай қалған.
Осындай қым-қуыт сәтте тапқырлықпен, жау тылындағы епті де икемді іс-әрекетімен көзге түскен Құспан Олжабаевты қарулас серіктері «Гусман» атап кеткен еді. Сол себепті оның есімі әскери құжаттардың бәрінде солай жазылып, кейін ұл-қыздарының метіркесі де осыған сай толтырылыпты.
1942-1943 жылдар аралығында республика ауыл шаруашылығынан майданға 4 111 трактор, 1 184 жүк көлігі және 30 318 жылқы жіберілді. Соның салдарынан соғыс жылдары егін салу жұмыстарының 50 пайызын ірі қара мал атқарды. 1944 жылы колхоздағы еңбекке жарамды ерлердің үлесі небәрі 20 пайызды құрады, ал әйелдер 58 пайызды, жасөспірімдер 22 пайызды құрады.Тылдағы еңбеккерлер жоғарыдан берілген жоспарды орындау жолында күні-түні аянбай тер төкті. Майдан мен тылдың бірдей қимыл-әрекеті, толассыз еңбегі Ұлы Жеңісті жақындатты. Сол бір қиын жылдардың ізі ел жадынан әлі күнге дейін өшкен жоқ. Соғыс өртінің шарпуы тимеген шаңырақ болмады. Майдан мен тыл деген тек атауы ғана өзгеше еді. Бірі — қолына мылтық ұстап соғысты, екіншісі — мылтықсыз майданда еңбек етті. Екеуі де жанкешті күрес болатын.«Бірде қуандық, бірде жыладық. Иә, жыладық та, қуандық та. Соғысқа кеткен туыстарымның ішінен екі ағайымның бірі ғана аман оралды. Ал жезделерім, ағаларым, шешем жағынан нағашыларымның ешқайсысы қайтқан жоқ. Біздің көз алдымызда қалған, есімізде сақталған сол қиыншылықтарды айту оңай емес. Бірақ менің балаларым, немерелерім, ұрпағымның бәрі менің қалай өмір сүргенімді, елім үшін не істегенімді біледі. Бұл – мақтанғаным емес, бірақ мен оқытқан балаларым да, өз ұрпағым да бізді мақтан тұтады. Өйткені біз сондай адамдар едік», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова.Бүгінде өнегелі отбасы атанып отырған тыл ардагерлері Исламбек ата мен Хадиша апа сонау қиын-қыстау заманда сезімдеріне селкеу түсірмей, бірге өмір жолын бастаған. Үйленген кездері сол ауыр кезеңнің ең қуанышты сәттерінің бірі болды. Бақытты күндерін зұлмат соғысқа қиғанымен, кейінгі өмірлерінде қуанышты да, қайғыны да бірге бөлісіп келеді. Дегенмен, жастық шақ қызықсыз өтпеген. Хадиша апа өзін алып қашқан сол бір сәтті әлі күнге дейін ұмытпаған екен.«Үйленейікші деп айтты. Айтқанда, қызық қылып айтты. Екеуміз осылай дос болып жүрдік. Менің сокурсниктерімнің ішінде қырық жігіт, екі қыз болатынбыз. Сол қырық жігіттің бәрі: "Қадиша мен Сылаштың келешегі мықты екен, бауырлары берік екен. Екеуіне студенттік той жасап берейік", – деді. Ол жолдастарымның ұсынысы еді. Мен келісіп: "Той жасайық, жасайық", – дедім. Бірақ сөзімде тұрып, студенттік тойды қабылдамадым. Сөйтіп, бір күні грузовой машинеге тиеп алды да, қасымда апам, жездем бар, Тарбағатайдың Ақжар орталығына алып келді. Бұл оқиға 1952 жылдың тамыз айының соңында болды», – дейді тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова.Тыл ардагері Исламбек Қамажанов сол бір тарихи күнді ерекше тебіреніспен еске алады. Соғыстың аяқталғаны туралы хабар жеткен сәтте халықтың қуанышында шек болмады. Ауыл адамдары бір-бірімен құшақтасып, көздеріне еріксіз жас алып, бұл ақжолтай хабарды бірінен соң біріне жеткізіп жатты. Қуаныш пен көз жасы қатар өрілді.Жеңіс оңай келген жоқ. Тылда күн-түн демей еңбек еткен Исламбек атаның өзі де сол күнді асыға күткендердің бірі болатын. «Соғыс бітсе екен» деген арман қаншама жанды алға жетеледі. Ақыры Жеңіс күні келіп жетті. Ол күн – тек майдан даласынан емес, тылда жанкешті еңбек еткен жандардың маңдай терімен келген ұлы күн еді.Исламбек Қамажановтың айтуынша, Жеңіс хабарын естіген сәт – оның өміріндегі ең бақытты сәттердің бірі болды. Тек өкініштісі – соғыстан бәрі бірдей аман оралған жоқ. Бірақ ел амандығы үшін, болашақ ұрпақтың бейбіт өмірі үшін бәріне төзіп, барын салған сол буынның еңбегі ешқашан ұмытылмақ емес.«Соғыс бітті деп қуаныш бірінбірі құшақтап, бірінбірі сүйіп, айғайлап соғыс бітті деп айталық. Кейде кинода да сөйтіп көрсетіп жатады ғой. Дәл сол жағдай біздің басымызда да болды» - дейді тыл ардагері Исламбек Қамажанов.Тыл ардагері Хадиша Мұхамеджанова сол бір ауыр жылдарды еске ала отырып, былай дейді:«Біздің патриоттығымыздың, еліміз бен жерімізге деген шексіз сүйіспеншілігіміздің арқасында осындай күнге жеттік. "Отан үшін жанды да, барды да беру керек" деген ұстаным біздің санамызға терең сіңіп, өмірлік қағидамызға айналды. Бұл сезімді ешкім бізден тартып ала алмайды. Біз сол заманда жақсылыққа, парасаттылыққа, адамгершілікке, патриоттық сезімге қалай сендік, сол сеніммен өмір сүрдік. Сол сеніммен осы күнге жетіп, сол қалпымызда өмірден өтеміз», – дейді Хадиша апа.Осылайша, тыл ардагері сол дәуірдің адамдарында қандай сенім мен рух болғанын, олардың өмірлік ұстанымдарының өзгермегенін тебіреніспен жеткізеді.Соғыс аяқталғанына қаншама жыл өтсе де, қос қарияның жүрегінде сол бір ауыр күндердің ізі әлі өшкен жоқ. Бүгінде бейбіт заманда өмір сүріп жатқан жастардың тағдырына қарап, оларды шынайы бақытты ұрпақ деп біледі. Тыныштығы мен бірлігі жарасқан бүгінгі бейбіт күндер – жауға тізе бүкпеген, қиындыққа мойымаған, ел үшін барын сарп еткен ержүрек ардагерлеріміздің ерен еңбегінің нәтижесі екені сөзсіз. Халқын қасіретке салған сол сұрапыл жылдар да, ел еңсесін тіктеген есіл ерлер де халық жадынан ұмытылмақ емес. Бұл – өшпес тарих, мәңгілік тағылым.