Болашаққа инвестиция: Сенаторлар зейнетақы активтерін басқару мәселелерін талқылады

АСТАНА. KAZINFORM – Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары «Зейнетақы активтерін басқарудың тиімділігі» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысын өткізді.

Қатысушылар шара барысында жинақтаушы зейнетақы жүйесінің қазіргі жағдайын, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық стратегиясының тиімділігін және азаматтардың мүддесін ескере отырып, зейнетақы активтерін басқару тетіктерін жетілдіру мәселелерін талқылады.

Сенат комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов өз сөзінде зейнетақы жинақтарын тиімді инвестициялау зейнетақы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етудегі маңызды фактор екенін атап өтті.

«Зейнеткерлік жасқа дейінгі жинақталған қаражаттың жай ғана шотта сақталмай, көбейіп отыруы үшін оны тиімді инвестициялау қажет. Зейнетақы жинақтарын инвестициялаудың тиімділігі азаматтардың зейнетақымен қамсыздандырылу деңгейіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл мәселе әрдайым қоғам үшін өзекті болып қала бермек», – деді ол.

Депутаттар, мемлекеттік орган өкілдері мен сарапшылар талқылау барысында жинақтаушы зейнетақы жүйесінің макроэкономикалық көрсеткіштерін, зейнетақы активінің қазіргі бөлінісін және оның инвестициялық тиімділігін қарастырды. Әсіресе, зейнетақы қаржысын инфрақұрылымдық және аграрлық жобаларды қаржыландыруға пайдалану мәселесіне, сондай-ақ зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру жолдарына ерекше назар аударылды.

Дөңгелек үстел отырысына қатысушылар зейнетақы активтерін басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған бірқатар ұсыныстар әзірледі. Бұл ұсыныстар жан-жақты қарастыру және іске асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға жолданатын болады.

Бұған дейін Сенат төрағасы Қытайдың Қазақстандағы Елшісімен кездескен.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT