Биыл Қытайда темір жолмен тасымалданған адамдар саны 4 миллиардтан асты - шетелдегі қазақ баспасөзі

«KAZINFORM» ХАА шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

 Қытайда алғашқы қашықтан жасалған роботтық хирургия сәтті аяқталды - «Халық газеті»

Жақында Сычуань университетінің Хуаси екінші ауруханасының акушерлік және гинекология кафедрасының профессоры Чжэн Иннің Чэнду қаласындағы қашықтан басқару жүйесі арқылы Тибеттің Лхаса қаласындағы гинекологиялық науқасқа қашықтан жасаған роботты операциясы сәтті аяқталды. Бұл әлемдегі алғашқы бір қолды бір портты робот арқылы қашықтан жасалған операция, деп жазады қытайлық «Халық газеті» басылымы.

Аталған басылымның мәліметінше, дәрігер мен науқастың арасы шамамен 2000 шақырым қашықтықта орындалды. Операция 90 минутқа созылған.

Бұл операцияда қолданылған Jingfeng лапароскопиялық хирургиялық робот Қытайда толығымен тәуелсіз әзірленген жоғары сапалы медициналық құрылғы. Сонымен қатар Қытайда сатуға рұқсат етілген жалғыз хирургиялық робот. Өнімділік параметрлері бойынша ол халықаралық жетекші деңгейге жетеді.

Сондай-ақ «Халық газеті» басылымында ««ШЫҰ биі» қазақ стиліндегі топтық би сабағы басталады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Қытайлық басылымның дерегінше, қарашаның 28 күні Циндао қаласындағы Шинань аумағы Мәдениет орталығында қазақ стиліндегі «ШЫҰ биі» топтық биін үйрету сабағы басталды. Ұстаз Зикнияр Әкбар қазақ халқының дәстүрлі «қара жорға» биін алаңдағы топтық би жаттығуымен біріктіріп, үйретуге кірісті.

Еске сала кетейік, Циндао қаласы «2024-2025 жылдары ШЫҰ-ның туризм және мәдени астанасы» болып бекітілген болатын. Мәдени орталық түрлі мәдени іс-шараларды өткізу арқылы көпшілікті ШЫҰ елдерінің мәдени әдет-ғұрыптарын тереңірек түсініп, сезінуіне мүмкіндік жасады.

Өзбекстан өнімдерін Қазақстан порттары арқылы тасымалдауы мүмкін - «ӨзА»

Өзбекстан жергілікті өнімдерін Қазақстан порттары арқылы үлкен нарыққа тасымалдауы мүмкін.

«ӨзА» басылымының Dunyo ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлауынша, Өзбекстанның бас консулы Жамолиддин Абдукаримов Қазақстанның Маңғыстау облысындағы «Құрық порт» бас директоры Серік Ахметовпен кездескен.

Кездесуде, Серік Ахметов порттың қазіргі жағдайы, инфрақұрылым мүмкіндіктерін кеңейту үшін халықаралық серіктестермен жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтқан.

«Құрық портын болашақта дамыту үшін бірқатар инфрақұрылым жобалары іске асырылмақ, оның ішінде портта «Саржа» көп функциялы теңіз терминалының құрылысы аяқталуда. Бұл көлік-логистика орталығы жобасы астық және көп функциялы терминалдар мен жалпы жүк терминалдарының құрылысын қамтиды. Бұл порттың жүк өткізу мүмкіндігін айтарлықтай арттырады», деген ол.

Қазақстан тарапы өзбекстандық экспортшылардың өтініштерін қабылдауға және олармен тығыз жұмыс істеуге дайын екенін білдірді, делінген хабарламада.

Құрлықтық сәулет сыйлығы ирандық ханымға бұйырды - «ParsToday»

«ParsToday»-дің дерегінше, ирандық ханым реставрация және жандандыру бөлімінде «Азия құрлықтық сәулет 2А сыйлығының» бірінші орыны мен алтын медалін жеңіп алған.

Ирандық БАҚ-тың дерегінше, Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен «Asia Continental Architecture 2A» байқауының қазылары реставрация және жандандыру секциясында ROZAS-тың дизайны мен орындалуы үшін ирандық дизайнер және сәулетші Шима Шайганды алтын медальмен марапаттады. Мәлімет бойынша, бұл курс инновациялық контексттері бар сәулетке бағытталған және «Континенттердегі инновациялық контекстке бағытталған сәулет» тақырыбымен Азия континенталдық сәулет сыйлығының бір бөлігі болды. Ол мәдени, әлеуметтік және географиялық жағдайларға назар аударады.

Бұл байқау Азиядағы белгілі мәдени-географиялық орындарынан шыққан және соған қатысты атрибуттары бар ғимараттар мен қалаларды құруға және жобалауға үлес қосқан сәулетшілерді тану және бағалауға бағытталады.

Қаңтар-қараша айларында темір жолмен тасымалданған адамдар саны 4 миллиардтан асты - CNR

Биыл Қытайда қаңтардан қараша айына дейінгі аралықта жолаушылар саны 4 миллиардтан асып, бүкіл ел бойынша теміржол арқылы жөнелтілген жолаушылар саны рекордтық көрсеткішке жетті.

Бұл туралы Қытайдың «Орталық халық радиосы» жазды.

Аталған БАҚ-та хабарлағандай, Қытайдың мемлекеттік теміржол тобы компаниясы биылғы жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында елдің темір жолдары жалпы саны 4,008 миллиард жолаушы тасымалдағанын және жылдық жолаушы көлемі бірінші рет 4 миллиардтық белгіден асқан. Бұл қазіргі уақыт үшін рекордтық деңгей болып саналады. Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, аталған елдің теміржол жолаушыларының көлемі, жолаушылар айналымы және басқа да негізгі жолаушылар тасымалы көрсеткіштері бойынша әлемде бұл жағынан бірінші орында тұрғаны айтылады.

Қазақстандық туристердің ең көп таңдаған елі белгілі болды - TRT

Қазақстан қазақстандықтар демалатын елдердің рейтингін жариялады.

Қазақстандық туристер осы жылы да демалыс үшін Түркияны таңдаған.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан қазақстандықтар демалатын елдердің рейтингін жариялаған. Осы жылдың 1 қаңтары мен 1 желтоқсаны аралығында шетелге 1 миллион 2 мың 802 қазақстандық турист барған. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 784 мың 194 болған.

Мәлімдемеде Түркия қазақстандық туристер ең көп таңдайтын елдер арасында көш бастаған.

- Қазақстандық туристердің Түркияны таңдау себебі ˗ климаты мен тағамдары, қонақжайлылығы мен мейірімділігі. Екі ел арасындағы ұшу уақытының ыңғайлылығы және барлығы қосылған қонақүйлерде балалы отбасылар үшін демалыс жайлылығы қазақстандық туристердің таңдауына ықпал еткен, - деп жазады TRT.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтары демалыс үшін Түркия, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері, Вьетнам, Таиланд, Қытай, Грузия, Мальдив аралдары, Катар және Шри-Ланка елдерін таңдаған.

Сондай-ақ осы аптада «TRT»-да «Қазақстанда сирек кездесетін жер металдарының кен орны табылды» деген тақырыптағы ақпарат жарияланған болатын.

  «TRT» басылымының Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне сілтеме жасап хабарлауынша 10 халықаралық компанияның геологиялық зерттеулер жүргізіп жатқаны белгілі болды.

Атап айтқанда Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында мәлімдеме жасады. Министр Қазақстанда сирек кездесетін жер металдарына арналған ірі жаңа кен орындары табылғанын айтқан.

Алғашқы деректерге сәйкес Қарағанды облысындағы Күйректікөл кен орнында 935 мың тонна сирек кездесетін жер металы анықталған. 2023 жылы 10 халықаралық компания шамамен 41 миллиард теңге инвестиция салып, 25 мың км²-ден астам аумақты зерттеген.

Айта кетейік, пилоттық жоба Солтүстік Балқаш және Қалба-Нарым аймақтарында жүзеге асырылып, геологиялық деректерді цифрландыру аясында жасанды интеллектті қолдану жоспарланып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT