Атырау облысында 2025 жылға арналған Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 31 мыңға жуық жұмыс орнын құру көзделген. Оның 23 мыңы – тұрақты жұмыс орындары. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Жыл басынан 1 шілдеге дейін облыста 11 244 жұмыс орны құрылып, оның 5 мыңға жуығы тұрақты болды. Ұлттық жобалар мен даму тұжырымдамалары шеңберінде 2 531 жұмыс орнын ашу жоспарланып, қазіргі таңда 56 жоба аясында 1 163 жұмыс орны құрылған. Бұл мәліметтер «Интеграциялық жұмыс орындарын құру» ақпараттық жүйесі арқылы еңбек биржасына тіркелген.
— Биыл әлеуметтік қолдау шараларымен 42 мың адамды қамту жоспарланған. Оның ішінде 10 мыңнан астамы ваканттық жұмыс орындарына, 2 639 адам қоғамдық жұмыстарға, 2 283 адам жастар практикасына, 478 жас «Алғашқы жұмыс орны» жобасына, 1 500 адам «Күміс жас» жобасына бағытталады. Сонымен қатар 230 адам грантқа, 220 жас микрокредитке, 1 880 адам онлайн оқуға жіберіледі,- деді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Полымбет Хасанов.
Жыл басынан бері 35 мыңға жуық адам мансап орталықтарына жүгініп, 20 244 адам әлеуметтік қолдаумен қамтылды. 8 237 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде 2 984-і тұрақты жұмысқа, 5 253-і субсидияланатын жұмыс орындарына тартылды.
Онлайн оқудан 2 153 адам өтіп, 1 893-і сертификат алды. «Бастау-Бизнес» жобасына 1 331 адам қатысып, 98 адам жұмысқа орналасты, 58-і грант, 96-сы жеке кәсіпкер мәртебесін иеленді. Маусым айында 144 адам 400 АЕК көлеміндегі қайтарымсыз грант иегері атанды.
2025 жылдың 1 шілдесіне дейін 13 401 жас жұмыспен қамту бойынша хабарласқан. Оның ішінде 3 083-і жұмысқа орналасып, 6 515-і кәсіптік бағдармен қамтылды. Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 2 344 адам қатысып, 587-сі жұмысқа орналасқан.