Жеңіс күні жақындаған сайын сексеннің сеңгіріне шыққан Әкімкүл әженің көңілі құлазып, мазасы кетеді. Өткен өмірі еске түседі. Отағасы Бәйден Тұрсынбайұлы еңбекқор жан еді. Екеуі бес қыз, бір ұл көрді. Кіші қайнысы Кенжебай оқуға ынтасы зор, жаңалыққа жаны құмар жігіт болып, бұлардың қолында ер жетті. Ағасы Бәйден де бауыры десе жанын беретін. Кенжебай жоғары оқу орнын 1940 жылы бітіріп, арнайы жолдамамен Жамбыл облысының Талас ауданына кетті. Барғанына бір жыл толғанда, 1941 жылдың көктемінде «Үйленемін, тойға келіңіздер!» деген жеделхат жіберді. Ұжымшар жұмысынан шыға алмаған Бәйден інісінің тойына зайыбы Әкімкүлді жіберді.
Кенжебай Талас ауданы Үшарал ауылында бас маман – зоотехник болып қызмет істейді екен. Іскер сабырлы Кенжебай бұл ауылда аз уақытта зор беделге ие болғанына жеңгесі тойға барғанда куә болды.
Таңдаған жары Күлшай – ауылына сыйлы Мүкия ақсақалдың үш ұл, бір қыздан кейінгі еркелетіп өсірген кенжесі. Кенжебайды бір көргеннен ұнатып, әкесі мен бауырларын өзінің дегеніне көндірген ол қыздың да осал емесі анық. Олардың үйлену тойына қатысқан Әкімкүл қайнысы мен жас келініне дән риза болып, Үшаралдан көңілі толып қайтады.
Артынша қаһарлы соғыс басталып, Әкімкүлдің жұбайы Бәйден алғашқы лекпен әскерге алынды. Қызылорда облысы Шиелі ауданында туып-өскен оның туған інілері, яғни Тұрсынбайдың тағы да алты ұлы: Бәлке, Сәрсенбай, Ыбырай, Шалтай, Омар, Кенжебай да ағасының соңынан ілесіп, соғысқа кете барды. 1943 жылы күздің қара суығында егін басындағы Әкімкүлге ең кенже қайнысы Кенжебай келеді. Таластан Шиеліге соғып тұр. Сонда оралмай қалса, артында бір ұлы қалғанын айтып, аманаттап кетіпті.
Қым-қуыт соғыс кезінде бас көтеруге мұрша жоқ. Әкімкүл бес қыз, бір ұлды өзі асырап, көп қиыншылықты бастан өткерді. Бес қызы тұрмысқа шықты, ал жалғыз ұлы Аманбай аурушаң болса да ешкімнен кем қылмай өсірді. Қатыгез соғыс салдарынан Бәйденнен бастап Кенжебайға дейін – Тұрсынбай әулетінің жеті ұлы да майдан даласынан қайтпады.
Соғыс та бітті. Бірқалыпты өмір басталды. Бірте-бірте жұрттың төрт құбыласы түгенделгендей болды. Әкімкүл ене атанды. Құдайға шүкір, келіні Жақсыгүл – текті жерден. Бірақ жасы ұлғайған сайын Әкімгүл әже өз бөлмесінде ұршығын иіріп отырып, терең ойға шоматын. 1943 жылы қоңыр күзде қайнысы Кенжебайдың егіс алқабына келіп: «Жеңеше, жалғыз ұлым қалып барады, есімі – Совет. Олай-бұлай болып шейіт кетсем, сізге аманат. Ағайынға жат болып өспесін, балам сізге аманат, аманат» деген даусы қырық жыл өтсе де, дәл бүгінгідей құлағында жаңғырып тұрады. Ақыры Әкімкүл ағайын арасынан өзі жақын көрген Сыздықтың ұлы Сансызбайға іштегі шерін бастан-аяқ баяндап берді.
«Менің балам Аманбай атадан жалғыз болғанымен, оның әкесі Бәйден – атадан жеті ұл. Ол жетеудің біреуі де сұм соғыстан қайтпағанын білесің. Менде орындалмай жүрген аманат бар, балам. Бәйден атаңның ең кіші інісі біздің қолымызда өскен еді. Оқуға ынталы, зерек, көпшіл бала болатын. Бәйден де інісін өте жақсы көрді. Кенжебай жолдамамен Жамбыл облысына кетті де, көп ұзамай үйленетінін айтты. Ұжымшар жұмысынан шыға алмаған Бәйден тойға мені жіберді. Құдамыз Мүкия ақсақал ұлы жүз, ошақты, оның ішінде тасжүрек атасынан тарайды. Әлпештеп өсірген Күлшай деген кенже қызы ақылына көркі сай көркем жан еді. Қайным Кенжебайдың аз уақытта абыройға ие болып, өмірлік жарын да айнытпай тапқанына риза болып қайтқан едім. Құда болып қатысамыз деп жүргенде, соғыс басталып, есеңгіреп қалдық қой. 1943 жылы күзде сол Талас ауданында қызмет жасап жүрген Кенжебай да майданға алынып, кетерінде маған арнайы келіп, кішкентай ұлын аманаттап еді», деді қайран әже ағыл-тегіл көз жасына ерік беріп.
Сансызбай дереу елдің әр жерінде құрылған «Қызыл ізшілдер», «Барсың ба, бауырым!» атты іздеу орталықтарына хабарласты. Мұрағаттарға хат жазды. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің Сәпи Құрманаев есімді тілшісін сексен жастағы әжеге ертіп апарып, мақала жаздыртты. «Сексендегі Әкімкүл әже өзі көрмеген бауырын іздейді. Әкесінің аты – Кенжебай Тұрсынбайұлы, анасының аты – Күлшай Мүкияқызы. Өзінің есімі Совет болуы мүмкін...» деген мәтіндегі хабарландыру Жамбыл облыстық «Еңбек туы» газетінде де жарияланды.
Жамбыл қаласынан Талас аудандық партия комитетінде сол жылдары хатшы болып қызмет істеген азаматтың жұбайы редакцияға бірінші болып хат жазды. «Құрметті редакция! 1940 жылы менің жолдасым Талас ауданының партия ұйымының бірінші хатшысы болған. Жоғарғы білімді жастар тапшы кезде Кенжебай Тұрсынбаев деген жоғары білімді жігіт жолдамамен жұмысқа келді. Өте сауатты, көркем мінезді еді. Ұйымдастыру қабілетінің арқасында көпшілікпен тез тіл табысып, жақсы араласып кетті. Біз олармен отбасымызбен араластық. Кенжебайдың жұбайы – Күлшай Мүкияқызы, ұлының есімі – Совет», делінген ол хатта.
Бәрі қалай басталған еді? Күлшай Мүкияқызы өте ерке, еркін өскен қыз еді. Сол жылы он сегізге толып, «Ақ тұлпарлы ханзадам мені қашан іздеп келер екен?» деп армандап жүргенде, ауданның анау-мынау емес, бірінші басшысы ақ «Волгамен» бір жігітті осы үйге ертіп келді. Ерке қыз келген қонақ жігітті бір көргеннен-ақ ұнатып қалды. Аудан хатшысының әкесімен болған әңгімесіне еріксіз құлақ түрді. «Мал шаруашылығы бойынша оқыған жоғары білімді маман керек дейтін едіңіз ғой. Міне, өзі – ауылда туып-өсіп, қалада институтта оқыған нағыз білікті жас маман. Әзірге жататын жері жоқ, осы ауылдан бір баспана жағын реттерсіз», деген сөзін құлағы шалды. Сымбатты жігіттің Кенжебай деген есімін естігенде ол да бұл сияқты үйдің кенжесі, еркетайы екен-ау деген ой шарпып өтті. Екі жас тез тіл табысты. Бір күнде барлық балалығын тастап, Кенжебайды ессіз сүйді. Арада біраз ай өткен соң, Күлшай үш ағасы мен әкесіне өзінің тұрмысқа шығатынын айтып, қалауын білдірді.
Бұл ауыл мал шаруашылығымен айналысатын еді. Жас маман Кенжебай аз уақыт ішінде кеңшар жұмысына белсене араласып, абырой мен беделге ие болды. Аудан басшылары жас маманның үйлену тойын дүрілдетіп өткізіп берді. Жас жұбайларға тұрғын үй бөлуге шешім шығарды.
Қос ғашықтың махаббатының бал кезі ұзаққа созылмады. Барлығын сұм соғыс бұзды. 1943 жылы Кенжебай Тұрсынбаев майданға алынды. Бұл Күлшайға оңай тимеді. Қатты жылады. Қолында 1942 жылы қаңтарда дүниеге келген ұлы Совет қалды. Кенжебай соғысқа сол кеткеннен оралмады. Сонда да Күлшай сүйген жарын күтуден үміт үзбеді.Ұлы Советті үйлендіріп, одан немере сүйді. Қаншама жыл өтті. Сонда да «Кенжебайым міндетті түрде оралады» деумен өмірі өтіп жатты. 1984 жылы Күлшай зейнеткерлікке шығуға құжаттар жинап, әскери комиссариатқа бас сұққанда, «1944 жылы ақпанда Тұрсынбаев Кенжебай ерлікпен қаза тапты» деген жазуы бар, әбден сарғайып кеткен «қара қағазды» оқып, есеңгіреп отырып қалды. Марқұм әкесі Мүкия, қызы бұл қайғыны естімей-ақ қойсын деп шешіп, сол жылдары көрсетпеген екен.
«Тірі адам тіршілігін жасайды» деген рас сөз. 1985 жылдың да көктемінде облыстық «Еңбек туы» газетінен кішкене ғана қуанышты хабарды оқыған 44 жастағы ұлы Совет бірден Қызылорда облысы Шиелі ауылына тартып кетті. Әкесінің бауырларын енді көрермін деп ойламаған еді. Өздері іздеп тапты-ау, әйтеуір! Кенжебайдың ұлына туысқандарын алғаш рет көру, өзін іздеген Әкімкүл әжемен қауышу бұйырды. Әубәкір Нүркеұлы, Сайлау Сыздықұлы сынды туған-туыстың шаңырақтарында болып, ағайынмен танысты. Өмірден өткен ата-бабасына зиярат етті. Араға уақыт салып, кеңшар басшыларынан рұқсат сұрап, арнайы автокөлік алып, анасы Күлшайды, жұбайы Тәпішті, ұлы Бақдаулет, қыздары Шайжа мен Шолпанды, басқа да жақын-жуықты ертіп, Сыр бойындағы атамекеніне жол тартты.
Үлкен шаңырақ Аманбай Бәйденұлының үйі қайта қауышқан туғандарын құшақ жая қарсы алды.Үйдің үлкен залындағы дастарқан төрінде Күлшай әже мен ұлы Совет, келіні Тәпіш, ал қарсы бетке сол ауылдың үлкендері – соғысқа қатысқан ардагерлер жайғасты. Олардың бәрі Кенжебай туралы естеліктерімен бөлісті. Бір кезде Күлшай әже сөз алып: «Құрметті менің қайын жұртым! Әкімкүл абысыным ғана менен үлкен, қалғандарың қайным, баламсыңдар. 40 жыл бойы біреуің іздеп келмедіңдер. Мені іздеп тапқан балам – Сансызбай. Қайда сол балам, шақырыңдар!» деді тебіреніп. Сансызбайды құшағына қысып, аналық алғысын білдірді.
Арада біраз уақыт өткеннен кейін Әкімкүл әжесі бастаған бір қауым туған-туысы Советтің ауылына келіп, қонақ болды. Содан бері қырық жыл өтсе де, туған-туыстың қатынасы бір үзілген емес. Бүгінде Бәйденнің немерелері Кенжебайдың немерелерімен жиі хабарласып тұрады. Ендігі Тұрсынбай әулетін жалғастырушы – осылар. Өшкеніміз жанып, үзілген үміт қайта жалғанды. Аманат орындалды.
Сансызбай НҰРКЕЕВ