«БІР БЕЛДЕУ, БІР ЖОЛ»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бірқатар маңызды мәселелерді көтеріп, алдағы уақытта шешілуі тиіс екенін мәлімдеген еді. Соның бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану. Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар.

ЛОГИСТИКАЛЫҚ АКТИВ ЖЕТІСПЕУШІЛІГІ ӘЛІ СЕЗІЛЕДІ

Дәл қазіргі уақытта еліміз үшін көлік-логистика потенциалы мәселесі өте өзекті болып тұр. Қазақстан өзін ірі мемлекеттерге серіктес ретінде де, логистикалық арна ретінде де ұсынғысы келеді. Әзірге екі бағыттағы бастамалары оңтайлы атқарылып келе жатыр. Соңғы бірнеше ай көлемінде «Транскаспий» әлеуетін арттыруға бағытталған бастамалар оңынан шешілді. Ақтаудағы порттарды тиімді пайдалану мәселесі шешімін таба бастады. Қытайдың Сиань қаласынан Әзербайжанның Баку қаласына тауар тасымалдау мәселесінің де кілті табыл­ды. Бұл ретте Қазақстан транзиттік торап ретінде үлкен стратегиялық алаң рөлін атқарады.

PTC Holding басқарма төрағасы Тимур Қарабаевтың айтуынша, соңғы жылдары Қазақстан бірнеше терминал салып, сала тамырына қан жүгіртті, соған қарамастан логистикалық актив жетіспеушілігі әлі сезіледі.

– Кейде біз жылжымалы құрам, құрылғылар тапшылығын байқап қаламыз. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта елдің ірі өңірлерінде қойма қуаттылығы бойынша алапат тапшылыққа тап болып отырмыз. Біз тіпті орта деңгейге де жете алмадық. Қазір біздің жаһандық қауіп- қатерлерге ұшырап отырғанымыз жасырын емес. Геосаясат пен экономика үрдістері бірқатар елде өзгерді. Бұрын ондаған жыл бойы жұмыс істеп келген маршруттар қазір жұмыс істеуін тоқтатты немесе үлкен қиындықпен жұмыс істеп тұр. Әлемдік экономикадағы кооперацияның жаһандық үрдісінің де төмендегенін байқаймыз. Әлемнің достас және до­стас емес елдерге бөлінуі логистикаға өте қатты әсер етті,-дейді ол.

Тимур Қарабаевтың айтуынша, елдегі логистиканың дамуын тежеп тұрған негізгі үш факторды айрықша атап өтуге болады.

– Оның біріншісі – жүктерді контей­нермен тасымалдаудың универсалды вагонмен тасымалдауға қарағанда екі есе қымбат болуы. Бұл ішкі нарықтың дамуын әжептәуір тежейді. Егер экспорттық және импорттық бағыттар туралы айтар болсақ, ол бойынша даму жақсы жүріп жатыр. Бірақ ішкі контейнерлеу нөлге тең, өйткені, кли­ент бағаға байланысты бұл қызметтен бас тартады. Нәтижесінде біздің компаниямыз түрлі проблемаларға тап болып отыр. Мәселен, екі өңір арасында біз жүктерді контейнермен де, әмбебап паркпен де тасымалдауға мәжбүрміз. Екінші проблема жүк вагондарын жөндеу және сатып алу кезінде туындайды. Бұл мәселені мем­лекет, ұлттық оператор және профилді қауымдастықтар деңгейінде көтеру керек. Үшінші барьер – қоймалардың жетіспеушілігі,-дейді сарапшы.

35 МИЛЛИОН ТОННАҒА ДЕЙІН ЖҮК ТАСЫМАЛДАНАДЫ

Бүгінгі таңда Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның бесеуі – теміржол, сегізі – автомобиль дәлізі. Қазіргі уақытта «Транскаспий» халықаралық көлік бағыты мен «Солтүстік-Оңтүстік» дәлізін дамытуға ерекше мән берілген. Өткен жылдардың нәтижелері бұл бағыттар бойынша қозғалыс көлемінің айтарлықтай өскенін көрсетті.

Қазақстанның Көлік министрлігі Көлік саясаты департаментінің басшысы Әсемгүл Рахметова еліміздің транзиттік-көліктік дамуының стратегиялық дамуы 2022 жылы бекітілген «Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында жүзеге асы­рылатынын айтады.

– Тұжырымдаманы жүзеге асы­ру нәтижесінде 2030 жылға қарай Қазақстан аумағы арқылы 35 миллион тоннаға дейін жүк көлемі, оның ішінде 2 миллион контейнер тасымалданады деп жоспарлап отырмыз. Ол алдағы уақытта жан-жақты дамытуды көздеп отырған жобалар қатарында «Достық- Мойынты», «Алматы» айналма теміржол жобасы бар екенін, теңіз порттарында контейнерлік тораптар жүзеге асырылады. Трансауғандық дәліздер бағытында жаңа бағыттар әзірленуде. Қазақстан бұл бастамалар­ды толығымен қолдайды және бұл жоба Оңтүстік Азия бағытындағы тауар айналымын арттырады деп есептейді, - деді Әсемгүл Рахметова.

Биыл Үкіметтен жаңа 136 жобаға 21,4 млрд. доллар бөлінген. Жоба аясында теміржол, порттар мен авиа­цияны жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Енді бұл сала жандана түспек. Себебі, Қазақстан мен Ни­дерланд арасында көлік, логистика, инновациялар және «жасыл» энерге­тика саласы бойынша ынтымақтастық орнады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 4,4 миллиард долларға жеткен. Ал Нидерландтың елімізге салған инвестиция көлемі – 112 млрд. доллар.

ТРАНСКАСПИЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨЛІК ДӘЛІЗІНДЕГІ ТЫҢ СЕРПІН

Жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Көлік-логистика және инно­вация орталықтарын ашу маңызды екенін атап өтті.

– Бұл – «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы бойынша іске қосылған жоба. Төраға Си Цзиньпин 2013 жылы біздің елімізде жариялаған ірі жобаны толығымен қолдайды. Осы бастаманың арқасында орталықтың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Мұның барлығы – екі ел арасындағы табысты серіктестік нәтижесі. Осы орталықтың сапалы салынуына Қазақстанның және Қытайдың көптеген мамандары атсалысты,-деді Мемлекет басшысы.

Бұл жоба «Транскаспий» халық- аралық көлік дәлізін дамытуға жаңа серпін беріп, сондай-ақ Еуразиядағы сауда-экономика ынтымақтастығын нығайта түсетіндігі сөзсіз. Себебі Көлік-логистика және Инновация орталығының интегра­циясы логистикалық қызметтер мен инновациялық әзірлемелерді біріктіретін экожүйені құруға, логистикалық компаниялар мен ғылыми мекемелер арасындағы ынтымақтастықты ынталандыруға, логистикалық операциялардың тиімділігін арттыру үшін инновациялық шешімдерді әзірлеу және енгізуді қамтамасыз етеді.

Нәтижесінде логистикалық тиім- ділікті арттыру, экономикалық өсуді ынталандыру, өңірлік ынтымақтастықты жақсарту, өңірлік логистикалық хабтар құру және сауда байланыстарын нығайту, инновацияларды дамыту мен көлік инфрақұрылымын жақсартуды қамтамасыз етеді.

Қ.БАҒЫТ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT