Елордада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының халықаралық XIV NIS Conference 2025 конференциясы өтеді. Биылғы жиынның тақырыбы – «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар».
Конференция педагогтер, зерттеушілер мен білім беру саласының жетекші мамандарын біріктіретін ірі кәсіби алаңға айналады. АҚШ, Ұлыбритания, Нидерланды, Финляндия, Аустралия, Гонконг сияқты елдердің сарапшылары, сондай-ақ қазақстандық мектептер, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының өкілдері мектептегі білім беру үдерісіне цифрлық технологиялардың әсерін жан-жақты талқылайды.
Басқосу барысында оқытудың жаңа әдістемелері, оқушылардың цифрлық сауаттылығы, PISA 2025 аясында білім мен дағдыларды бағалау тәсілдері қарастырылады. Сонымен қатар жасанды интеллекттің (ЖИ) білім беру жүйесіндегі мүмкіндіктері мен қауіп-қатері талқыланады. Қатысушылар цифрлық трансформация жағдайында мұғалімнің рөлін бағамдап, әлемдік үздік тәжірибелермен танысады.
Конференция аясында EdTech көрмесі ұйымдастырылады. Мұнда заманауи цифрлық шешімдер, оқу ресурстары, білім беру платформалары мен мектептік білім беру саласындағы инновациялық әзірлемелер ұсынылады. Қатысушылар жаңа технологиялармен танысып, әзірлеушілермен тәжірибе алмасып, мектеп тәжірибесіне енгізуге болатын нақты құралдарды таба алады.
NIS халықаралық конференциясы дәстүрлі түрде білім, тәжірибе және инновациялар алмасудың бірегей алаңы саналады. Бұл шара әрбір педагогке әлемдік сарапшылардың пікірін тыңдап қана қоймай, мектептегі білім берудің болашағына ықпал ететін жаһандық кәсіби қауымдастықтың бір бөлшегі болуға жол ашады.
📅 XIV NIS Conference 2025 Астана қаласында 30–31 қазанда өтеді. Толығырақ ақпарат пен тіркеу сілтемесі: https://beyim.edu.kz/conference