Білікті маман - даму кепілі

Ісім оңсын десеңіз,

Сол істің маманы болыңыз.

Даңқым шықсын десеңіз,

Көпшіліктің адамы болыңыз» дейді Әл-Фараби.

Үлкен өмірге енді ғана аяқ басқан жас ұланның алдында мыңдаған мамандықты бірін таңдау міндеті тұрады. Ж.Аймауытовтың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ оның кез келгеніне икемділік қажет, бұл жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзін басшылыққа алу керек. Сонда мамандықтың жай ғана таңдау емес, өмірлік мақсат екенін ұғынады. Осы тұста қай сала болмасын қазіргі таңда Мемлекет басшысы тарапынан көптеп қолдау білдіріліп жатқанын алға тартқан жөн. Соған дәлел «2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы» болып бекітілуі. Бұл бастама жұмысшы мамандықтарды дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болып қалыптасу идеясын насихаттауды көздейді. Еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету, кадрлар даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қамтылған «Жұмысшы мамандықтар жылына» арналған жоспарлар әзірленді.

Елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өскенін атап өтсек болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздің кадрлық әлеуетін арттыру маңызды екенін атап өтті. Оның ішінде 65 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. «Жұмысшы мамандықтар жылында» еңбекқорлық пен кәсіби маман қалыптастыру идеясы дәріптелуде. Президент осы орайда «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажет. Жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы біз қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік идеяларын насихаттаймыз» деген болатын.

Қазақстан экономикасының тұрақты дамуында жұмысшы мамандардың үлесі орасан зор. Елдің өндірістік, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салалары дәл осы мамандардың біліктілігі мен еңбегіне сүйенеді. Шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі, энергетика, инфрақұрылымдық жобалар жұмысшы мамандарсыз мүмкін емес. Жыл сайын Қазақстанда жаңа өндіріс орындары мен кәсіпорындар ашылады, оларды сапалы мамандармен қамтамасыз ету елдің экономикалық болашағы үшін маңызды. Елімізде жұмысшы мамандықтар жылының жариялануы – еңбек адамдарының абыройын арттыруға және елдің экономикасын тұрақты дамытуға бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама тек жұмысшы мамандықтарын қолдаумен шектелмей, бүкіл қоғамның еңбек мәдениетін өзгертуге ықпал етеді. Алдағы жылдары қолға алынған шаралар еңбек нарығында теңгерім орнатуға, жастардың кәсіби бағдарын дұрыс қалыптастыруға және өндірістік саланы жоғары сапалы кадрлармен қамтамасыз етуге негіз болады. Бұл – Қазақстанның еңбек адамына деген құрметін көрсететін айқын белгі.

Қоғамнан орнын тауып, лайықты мамандық иесі болу әрбір азаматтың парызы екені белгілі. Бүгінде Президентіміз де еңбек адамдарын насихаттап, осы бағытта қолдаулар көрсетуде. Сондықтан әрбір азамат өмірлік таңдауға жауапкершілікпен қарауы маңызды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінде жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет екенін баса айтты. «Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс. Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам» деп атап өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жұмысшы мамандықтарының жылы аясында еліміздің орта білім беру ұйымдарында педагог- кәсіптік бағдар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Бұл бастама оқушыларға мамандық таңдауға көмектесетіні сөзсіз. Сондай-ақ белгілі кәсіп таңдауда ерте бағыт-бағдар беруге, оқушылар, ата-аналар, педагогтер, колледждер мен жұмыс берушілер арасындағы өзара байланыс пен ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға бағытталған.

Педагог-кәсіптік бағдар беруші оқушыларға мамандық пен білім бағытын таңдауда қолдау көрсетіп, жеке және топтық кәсіби кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ кәсіптік бағдар беруге арналған іс-шараларды ұйымдастырады. Оқушыларға еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар мен заманауи үрдістер туралы ақпарат береді.

Жаңа лауазымның енгізілуі оқушылардың саналы әрі дұрыс кәсіптік таңдау жасауына көмектеседі. Сонымен бірге жұмысшы мамандықтарының беделін арттырып, еңбекке бейім, білікті және бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге ықпал етеді.

Айнагүл ШАКУПОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT