Бүгін аудан орталығында терек егу жұмыстары жүргізілді

Құрманғазы ауылдық округінің Құрылысшылар ауылында аудандық білім бөлімі мен аудандық әкелер кеңесінің ұйымдастыруымен «Таза Қазақстан» акциясы аясында, Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған «Жасыл тал – жеңіс рухына тағзым» тақырыбында «Өз ағашыңды отырғыз» атты шара өтті. Шараға аудан көлеміндегі әкелер кеңесінің мүшелері, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері қатысты.

Әнұранымыз орындалғаннан кейін, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мерей Әжігереев, аудандық білім бөлімінің басшысы Еділ Баяров сөйлеп, шараның мақсаты мен маңызына тоқталып, игі іске сәттілік тіледі. Қатысушылар қолдарына күректерін алып, су жіберілген жолбылар бойына бір-бірден шұңқыр қазып, тал отырғызуға кірісіп кетті. Олардың арасында жас балалардың жүргені де көз қуантады. Кейбір қатысушылардың ұлттық киімімізбен келгені де назарымыздан тыс қалмады. Аталған шараға ұлттық нақыш беріп, өздеріне де сондай жарасып тұр. Әп сәтте ұйымшылдықпен ондаған тал отырғызылды.

Осы шараның басы-қасында жүрген аудандық әкелер кеңесінің төрағасы Берік Тілегеновті сөз тартқанымызда: – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе. Бүкіл өркениетті әлем жұртшылығы осы мәселемен айналысуда. Бізге де мұндай жаппай үрдістен шет қалуға болмайды», деп ерекше атап көрсетті.

Бұл шара аудандық әкелер кеңесінің жоспарына сәйкес, аудан әкімдігі мен аудандық білім бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылып отыр. Мақсаты – жас ұрпақты отансүйгіштік пен туған жерге деген сүйіспеншілікке баулу, сүйікті ауылымыздың экологиялық жағдайын жақсартуға үлес қосуға, көшет отырғызу туралы білімі мен дағдыларын қалыптастыруға, өзге оқушыларға жақсы үлгі көрсетуге, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға, еңбекке қызығушылыққа, елін, жерін қастерлеуге үйрету. Жалпы Ұлы Жеңістің 80 жылдығына 80 тал отырғызу жоспары бар, – деді бізбен әңгімесінде.

Жас талдар бой түзеп өсіп, жаз шықса болды жасыл түске малынып, құлпырып шыға келетін ауылымыздың көркін одан сайын әдемілей түссін деген тілектеміз.

Қанат ҒҰМАРОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT