Бес бөтелкеге — балмұздақ: Атырауда ерекше экобастама жүзеге асты

Атырау қаласында қоршаған ортаға қамқорлықты насихаттайтын, қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған ерекше экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. “Таза Қазақстан” жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында “Жасыл ел” ұйымы тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруды мақсат етіп, көпшілікті жұмылдырған акция өткізді. Игі шара 3 тамыз сағат 19:00–20:00 аралығында Атырау қаласындағы Қайыршақты және Алмалы ауылдық округтерінде өтті. Акцияға қатысу шарттары өте қарапайым: 5 пластикалық бөтелке тапсырған әр қатысушыға 1 балмұздақ ұсынылды. Бұл бастама балалардың ерекше қызығушылығын туғызып, олар белсенділікпен қатысты. Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, акцияның басты мақсаты — экологиялық мәдениетті арттырумен қатар, тұрмыстық қалдықтарға, әсіресе пластикалық бөтелкелерге екінші өмір сыйлау. -Бұл шара Қайыршақты, Алмалы ауылдық округтерінде жүзеге асырылды. Қайыршақты округінің өзінде 10 мыңға жуық пластик бөтелке жиналды. Барлық жиналған қалдық қайта өңдеу орындарына жіберіледі. Бұл — Атырауда алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды экологиялық акция. Қоршаған ортаның тазалығын сақтау жұмыстарына тұрғындар өте белсенділік танытты, — деді Ғасырбек Төлеген. Бұл бастама арқылы ұйымдастырушылар жастарды табиғатты аялауға, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауға және қайта өңдеуге үйретуді көздейді. Атырау қаласындағы халық тығыз орналасқан ауылдық округтер таңдалып, іс-шараның тиімділігі арта түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Бұл тек экологиялық мәдениетті қалыптастыру ғана емес, сонымен қатар ел болашағы — жастардың табиғатқа деген жауапкершілігін нығайтудың тиімді жолы болмақ. Қоршаған ортаның тазалығы – әр адамның жауапкершілігінен басталады. Осындай игі бастамалар арқылы тұрғындардың, жас ұрпақтың экологияға деген құрметі артып, келешек буынға таза табиғат қалдыру мүмкіндігі ұлғая түспек. Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT