Батыс Қазақстанда 613 мың гектар алқапқа дақылдар егу жоспарланып отыр

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында биыл 613 мың гектар алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдарын егу көзделіп отыр.

БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллиннің өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, соның ішінде 291 мың гектарға – дәнді дақылдар, 119 мың гектарға – майлы дақылдар, 199 мың гектарға – мал азықтық дақылдар, 4,2 мың гектарға картоп, көкөніс-бақша дақылдары отырғызылмақ. 

Жасұлан Жолдыбайұлының сөзіне қарағанда, өткен жылы 616 мың гектарға (2023 жылы – 623 мың) дақылдар себілген еді. 

    - Күзгі жиын-терін қорытындысында 313 мың гектар дәнді дақылдар алқабынан 299 мың тонна астық (әр гектарға 10,1 центнерден), 102 мың гектар майлы дақылдан 96,2 мың тонна (10 центнерден) және 4 мың гектардан 95 мың тонна картоп, көкөніс-бақша өнімдері алынды. Жақсы өнім алу үшін жаңа технологиялар мен минералдық тыңайтқыштарды пайдалану маңызды. Өткен жылдан бастап жаңа тетік бойынша отандық зауыттар өндіретін аммиак селитрасы мен аммофос тыңайтқыштарының құны 60 пайызға субсидияланады. Бұл мақсатқа 589 млн теңге бөлінді, - дейді Ж.Халиуллин 

Оның айтуынша, өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға басқармаға бюджеттен 45,7 млрд теңге қарастырылды, бұл 2023 жылғыдан 44,6 пайызға артық. Соның ішінде субсидиялау бағдарламалары аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге 31,7 млрд теңге субсидия төленді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда шаруалар мал қыстағына қаншалықты дайын екендігін жазған болатынбыз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT