Партиялық тізімдер бойынша депутаттарды сайлауға көшу парламентаризмнің халықаралық тәжірибесін көрсетеді – «Ақ жол» партиясының көшбасшысы
Азат Перуашев: Конституциялық реформа – бұл бүкіл саяси жүйені терең қайта жаңғырту
Пропорционалды жүйе бойынша сайланатын бір палаталы Парламентке көшу Қазақстанның саяси жүйесін дамытудың қисынды жалғасы болып табылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның үшінші отырысында мәлімдеді.
Ол өзінің саяси процестерге қатысу тәжірибесі негізінде «Ақ жол» демократиялық партиясы Мемлекет Басшысының бір палаталы Парламентке көшу жөніндегі бастамасына нық қолдау білдіргенін еске салды.
Азат Перуашевтың айтуынша, екі палаталы Парламент – бұл федералдық мемлекеттік құрылым институты, онда Сенаттың міндеті –федерация субъектілерінің заңнамасын ұсыну және үйлестіру.
«Қазақстан бірыңғай заңдары мен ережелері бар унитарлық мемлекет болып табылады. Біз Шемонаихадан Форт- Шевченкоға дейін, Бескөлден Шардараға дейінгі әртүрлі аймақтардағы адамдардың өмір сүру сапасы мен мемлекеттік қызметтерге бірдей кепілдік беріліп, қорғалуына ұмтыламыз. Бұл тұрғыда өңірлер мен олардың тұрғындарының мүдделері тең дәрежеде сақталуы тиіс», - деді Азат Перуашев.
Ол Мемлекет басшысы бұл бағытта 2022 жылы қадам жасағанын айтты: сол кезде заңдардың қабылдануы Мәжіліс құқығына жатқызылды, ал Сенатқа заң жобаларын мақұлдау немесе оларға ұсыныстар енгізу функциясы берілді.
«Сондықтан Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазіргі бастамасы Конституцияның дәйекті эволюциясының логикасын көрсетеді. Сонымен қатар бұл біздің саяси жүйеміздің және оның институттарының жетілуін жеделдетеді», – деп атап өтті Азат Перуашев.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда бір палаталы Парламенттің мемлекеттік билік жүйесіндегі өкілеттігін күшейту бойынша оңтайлы шешімдер әзірленді.
Сонымен қатар, Конституцияда оның мәртебесін бекіте отырып, Халық Кеңесі жоғары консультациялық органын құру туралы бастама түрлі этностар өкілдерінің билік жүйесіне қатысуын 8 есе кеңейтеді, өңірлердің мүдделерін білдіруді бекітеді және азаматтық қоғам көшбасшыларының саяси жүйеге тартылуын қамтамасыз етеді.
Партиялық тізімдер бойынша Парламент депутаттарын сайлауға көшу бөлігінде бұл ұстаным парламентаризмнің жинақталған халықаралық тәжірибесін көрсететінін атап өтті Азат Перуашев.
Оның пікірінше, пропорционалды жүйе сайланбалы органдарда қоғам мүдделерінің кең өкілдігін қамтамасыз етеді, мықты партиялардың өсуіне ықпал етеді және саяси практикадағы еуропалық трендтерге сәйкес келеді.
«Іске асырылып жатқан конституциялық реформа – бұл халықаралық тәжірибеге және парламенттік оппозицияның көп жылдық тәжірибесіне сүйенетін бүкіл конституциялық жүйенің шын мәнінде терең қайта жаңғыруы», – деп атап өтті Азат Перуашев.


