АҢЫЗҒА АЙНАЛҒАН «ТҮНГІ МЫСТАН»

Фашистер "түнгі мыстан" атап кеткен – сұрапыл соғыс жылдарында әскери ұшақпен жауға қырғидай тиіп, Отан үшін от кешкен ержүрек, қайсар қазақтың  ұшқыш қызы - Хиуаз Доспанова.

1922 жылғы 15 мамырда Гурьев қаласының (қазіргі Атырау) Ганюшкино селосында дүниеге келген қазақтың қайсар қызы Хиуаз Доспанова бала күнінен әуеде ұшуды армандаған. 1940 жылы мектепті әрі аэроклубты үздік бітірген Хиуаз бірден Жуковский атындағы әскери-әуе академиясына барады. Бірақ оқуға түсе алмайды. 

Араға бір жыл салып, соғыс өрті тұтанады. Осы кезде қазақтың қайсар қызы майданға медбике, тегі болмаса, санитар болып кетсем бе деп, талпынып жүрген. Сөйтіп жүргенде ол әйгілі ұшқыш Марина Раскованың қыз-келіншектерден жасақталған авиаполк құрып жатқанын естиді. 
Осылайша ол ойланбастан полк басшылығына келіп, Оралдағы аэроклубта меңгерген ұшу дағдыларын көрсетіп, өжеттігімен көзге түсіп, жауынгерлер құрамына қабылданады. Сөйтіп 1942 жылдың көктемінде түнгі жау шептерін бомбалайтын әйелдер авиаполкінің құрамында майданға аттанады.
Хиуаз қызмет еткен полк Солтүстік Кавказ, Украина, Белоруссия, Польша, Германия аспанындағы шайқастарға қатысқан. Хиуаз бен оның ұшқыш құрбыларын немістер «Түнгі мыстандар» деп атаған. «Түнгі мыстандар» жау шебіне жақындағанда ұшу биіктігін төмендетіп, жауды үстінен бомбалап отырған. Кеңес Одағының батыры Марина Чечнева қазақ қызының шеберлігі жайында: «Хиуаз Доспанова ұшағын нысанаға дәл апаратын және өзі аэродромына да сондай дәлдікпен қайта оралатын», - деп жазған еді. 
Қазақ қызы қан майданда 300-ден аса жауынгерлік операция орындап, аса маңызды жау шебін талқандайды. Түн қараңғысында жауға қырғидай тиген Хиуаз Доспанова соғыс кезінде ұшақтан 14 рет құлаған екен. Төрт мәрте ауыр жарақат алса да, есін жиысымен ұрыс даласына қайта оралып отырған.
1943 жылдың көктемінде Хиуаз Доспанова тағы да өліммен бетпе-бет келді. Ұшқыш қыздардың алдына Кубаньды жаудан азат ету міндеті қойылды. Хиуаз Доспанова мен Юлия Пашкова кезекті тапсырманы орындап, аэродромға қайтып келе жатқанда, Макогон мен Свистунова басқарған ұшақпен соқтығысып қалады. Үш қыз мерт болады, ал Хиуаз қауіпсіздік белдігін тақпағанының арқасында аман қалған.
Басында қаруластары Хиуазды да өліп қалған шығар деп ойлайды, бірақ кірпігі қимылдап жатқанын көріп, госпитальге апарып емдеген. Дәрігерлер Хиуаздың тұла бойын түгел гипстеп тастайды, аяқтарының сүйектерін сындырып, түзу біту үшін қайта салады. Жарты жыл госпитальда жатқан ол күздің аяғында полкке қайтып оралады.
Кейін денсаулығына байланысты оған әуеге көтерілуге тыйым салынады. Осыдан кейін ол полк байланысының бастығы болады. Офицерлік шені өсіп, гвардия аға-лейтенаты атанды.
Кеңес одағы қанатты қыздың көзсіз ерлігін әділ бағаламағаны рас. Соғыс ардагері, профессор Қанапия Ахмет бір сұқбатында былай деген еді:
"Хиуаз менімен кездескен кезде айтатын еді: егер де мен соғыста өліп қалсам, мені де көбірек білетін еді. Менің айыбым – тірі қалғаным дейтін" – назын білдірген екен.
2004 жылы Хиуаз Доспановаға еліміздегі ең жоғары марапат – "Халық Қаһарманы" атағы беріліп, "Алтын жұлдыз" белгісі тапсырылды. Бұл кезде апамыз 82 жаста еді. Ұлы Отан соғысында айрықша ерлік көрсеткен ұшқыш қызды халқы осы сәттен кейін ғана жақынырақ танып, біле бастады.
Майдандағы ерлігі үшін ол "Қызыл жұлдыз", ІІ дәрежелі "Отан соғысы", "Еңбек Қызыл Ту" ордендерінің иегері.
Соғыс аяқталғаннан кейін Хиуаз Доспанова Алматы қаласындағы Жоғарғы партия мектебінде оқып жүргенде, болашақ жары Шәку Әміровпен танысады. 1947 жылы қос ғашық шаңырақ көтереді.
Ерболат және Қанат есімді екі ұлды дүниеге әкеледі. Алайда Қанаты кішкентай кезінде ауырып, екі жасында қайтыс болған. Үлкен ұлы Ерболат Әміров – математик. Талай жыл жоғары оқу орнында сабақ берген.
Баян және Қанат есімді немерелері бар.
Бүгінде батырдың туған жері Атырау қаласында Хиуаз Доспановаға арналған көше, ескерткіш бар. Сондай-ақ, Атырау халықаралық әуежайында арнайы Хиуаз Доспанованың есімі берілді.
Туған жері - Құрманғазы ауданының Жеңіс алаңында қазақтың ұшқыш қызына арнап мәрмәр тақта орнатылды. Хиуаз Доспановаға Атырау облысының Құрметті азаматшасы атағы берілді. 
Алматы қаласында өзі тұрған көшеге аты аңызға айналған ұшқыштың есімі берілді. 
2008 жылдың 20 мамырында 86 жасында  Хиуаз Доспанова өмірден өтті. Тұла бойы қайсар рухқа, отансүйгіштікке толған  Хиуаз Доспанованың  ерлігі - елге мұра, көпке үлгі.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT