МЕМЛЕКЕТ АУЫЛДЫ ӨРКЕНДЕТУ БАҒЫТЫНДА ТҮРЛІ БАҒДАРЛАМА, ЖОБАЛАР ЖАСАП ЖАТЫР. СОЛАРДЫҢ БІРІ «АУЫЛДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖОЛЫНА ҚАРАП БІЛЕРСІҢ» ДЕГЕНДЕЙ, ЖОЛ ҚАТЫНАСЫН ЖАҚСАРТУ ЕКЕНІ БЕЛГІЛІ. СЕБЕБІ, АДАМДАР ӨМІР БОЛҒАН СОҢ ЖОЛ ЖҮРМЕЙ ТҰРМАЙДЫ. ОСЫ ОРАЙДА, АЗҒЫР ӨҢІРІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫ ЖЫЛДАР БОЙЫ ЖОЛ ҚАТЫНАСЫНЫҢ ҚИЫНШЫЛЫҒЫН КӨРІП КЕЛЕДІ. БҰРЫН АУДАНМЕН ЕКІ ОРТАДАҒЫ ЖОЛМЕН БІРҚАЛЫПТЫ ҚАТЫНАС БОЛЫП ҚАЖЕТТІ ЗАТТАР, ЖАНАР-ЖАҒАР МАЙЛАР ТАСЫЛЫП ТҰРДЫ.
Жолға жыл сайын «Саздының», «Бесшоқының» топырақтарын төгіп биіктетіп отырды, соған сай су, құм жиналмайтын. Бүгінде тек бетін қырып тегістеумен шектелуде, оның өзі кері әсерін беріп отыр. Сондықтан тұрғындар қиналған кезде, екі есе қашық болса да Орал облысының жолы арқылы қатынауға мәжбүр болуда. Осыған байланысты қазір қолда бар материал сол «Сазды» мен «Бесшоқы» топырақтарын пайдаланып, жөндеу жұмысын жасаса деген ұсыныс бар. Ол үшін сол өңірден жол жөндеу мекемесінің бір бөлімшесін ашып, күнделікті күтіп ұстаумен айналып тұруы қажет. Сол сияқты үкімет халықты таза сумен қамту бағытында түрлі жобалар жасап жатыр. Осыған байланысты өңірдегі елді мекендерге бұдан он жылдай бұрын ауылішілік су құбыры тартылды, бірақ тұрғындар әлі нәтижесін көре алмай келеді. Тұрғындар баяғыша құдықтың құрамында топырақ пен тұздың көп мөлшері бар тазартылмаған суды пайдаланып отыр. Денсаулық кепілі – су екені түсінікті. Бұған қоса жыл сайын су қорының азайып келе жатқанын ескерсек, тек қана жер асты суымен күн көріп отырған өңір тұрғындары алдағы жылдары түрлі қиындықтарға тап болуы мүмкін. Осы орайда, бұрын сол жердегі халықты қамтып отырған, қазір жабылып қалған Жалғызапан, Қошақай, Шағыл деген елді мекендерде жер асты суының мол көзі болды.
Сол сияқты Асан, Үштаған елді мекендеріне жақын жерде Теректі елді мекенінде көп жылдан бері Ресей әскери бөлімі жерасты суын пайдаланып келеді. Сондықтан алға қарай өңірде жер асты суларына геологиялық зерттеу жұмыстары жасалып, судың қорын анықтауды қажет етеді. Қазір өңірде мал басы өсіп келеді. Үкімет түрлі несие, грант, субсидия беріп көмектесіп отыр. Бұрындары, өткен ғасырдың 60-ыншы жылдары осы өңірде 40-50 бас сауын сиыры бар бір ғана ферма тұрғындарды сүт өнімдерімен қамтып еді. Қазір бір үйде осындай мал бар, бірақ сол сүт, қаймақ, май, шұжық сияқты мал өнімдерін дүкеннен сатып жейді. Бұның себебі, қабылданып жатқан бағдарламалардың кемшілігі болса, бір жағынан тұрғындардың қазіргі заманның талабына сай өнім өңдеумен айналысуға ұмтылмауында болса керек. Тек сол бұрынғыша малды бағып, өсірумен шектелуде. Ауылда халықтың тұрақтануы үшін инфрақұрылымдарды салумен қатар бірінші кезекте жұмыс орындарының болуы қажет екені түсінікті. Ол үшін тың бастамалар керек.
А.ХИЗИН,
зейнеткер, Атырау қаласы