Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына жолдаған әр Жолдауында еліміздегі көкейкесті мәселелерді көтеріп, тың тақырыптарды қозғайды.
Атап айтқанда «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылық саласындағы бірқатар өзгерістерді тілге тиек еткен болатын.
Соның ішінде ата кәсібіміз болған ауыл шаруашылығына ерекше тоқталды.
«Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр» - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Расымен де ауыл шаруашылығының дамуы үшін ел Президенті айтқандай, субсидиядан арзан несие тәсіліне көшу тиімді. Бұл өз кезегінде жаңа кәсіп ашқан кәсіпкерге үлкен мүмкіндік болары сөзсіз. Осылайша, ол біртіндеп мал басын көбейтіп, тиісінше арзан пайыз арқылы белгіленген уақыт аралығында несиені мемлекетке қайтара алады.
Соңғы жылдары ауыл шаруашылығымен айналысамын деген жастарға мемлекет тарапынан жақсы мүмкіндіктер берілуде. Ауданымызда да жыл сайын төрт түліктің саны артып, ежелгі кәсіптің жаңа демі ашылуда.
Мемлекет басшысы айтқан тиімді тәсілді қолданатын болсақ ауыл шаруашылығы саласы әрі қарай да өркендей түспек. Ол үшін ауыл шаруашылық кешенінің дамуына бір кісідей ат салысумыз керек!
Ж.Қамза