Ауданға алғаш рет қылқанжапырақты ағаш отырғызылды

Ауданымызда қала экологиясын жақсарту мақсатында маңызды қадамдардың бірі жасалды. Атап айтсақ, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында алғаш рет қылқанжапырақты ағаш түрлері егілді.

Игі шара аудан орталығының үш бірдей нүктесінде жүзеге асып, ағаштар демеушілік арқылы отырғызылды.

      Экологиялық акция аудан ауасының сапасын жақсартуға және көгалдандыру жұмыстарының тұрақтылығын арттыруға бағытталды. Мамандардың сөзінше, жерімізге арнайы таңдалған ағаштар климатқа төзімділігімен, жыл он екі ай жасыл күйін сақтайтынымен, сондай-ақ экологиялық ортаны сауықтыру қабілетімен ерекшеленеді. Бұл туралы қалалық әкімдік аппаратының бас маманы Әзизхан Демесінов:

     -Бұл бастама алдағы жылы да жалғасын табады. Әзірше қаламыздың үш нүктесіне, яғни, Әбдрахманов көшесіне, Кенғанов көшесіне және Ізтұрғанов көшесіне отырғызылады. Жалпы есеппен 250 «сосна» талы демеушілікпен егілді. Бұл ағаштар ауданымызға алғаш рет әкелінді. Сондықтан, алдағы уақытта жақсы нәтиже күтеміз,-дейді өз сөзінде.

      Иә, ел болашағы – экологияның тазалығында. «Таза Қазақстан» сынды акциялар ауыл-аймақтың экологиялық келбетін жақсартып, жас ұрпаққа жасыл мұра қалдыруға бағытталған маңызды бастама болып отыр.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT