Жаңа жыл қарсаңында Атырау қаласындағы сауда базарларындағы қалыпты тірлікке жан еніп, өзгеше белсенділік қыза түскендей. Әрине, бұл тек биыл емес, жылдағы дәстүр. Әсіресе әрбір сатушы мен тұтынушы үшін ерекше бір мағыналы уақыт басталған сыңайлы. Сатушы бұрын көпшілік ден қоя бермейтін арзан тауарының өзін барынша бұлдап қалуға тырысса, сатып алушы «бұл да бір қызық болсыншы, бұрын неге байқамадым екен» деген ішкі таңданыспен, қалтасындағы ақшасы аса көп болмаса да үй ішін бір мәз қылуды ойлайды.
Сонымен, мерекенің басты нышандарының бірі – жаңа жылдық шырша. Бұл күндері базарлардағы жанды-жансыз шыршалардың саудасы қызып, әркім көрпесіне қарай көсіліп, отбасылық бюджетті Есеп комитетіндегідей соңғы тиынына дейін есептей отырып, қалаған шыршасын таңдайтыны анық.
Бірақ ескерген жөн: шыршаның сұрпы мен ұрқына қарай бағасы да әртүрлі. Биіктігі 3 метрден асатын табиғи шырша 20-30 мың теңгеге дейін бағаланса, 2 метрлік шырша оның тең жарты бәсіне сатылады. Ал ең кішкентай «балапан» шыршалардың бағасы 6 мың теңгеден жоғары екен.
Базардағы шыршалармен бір сапта тұрған қарағайлардың да мол сұранысқа ие екені сырткөзге бірден байқалады. Қарағайдың құны да дәл осы күндері шыршамен шамалас.
Сатушылардың айтуынша, қарағай ағашы әдемі күйін бір айға дейін сақтап тұрады екен. Ал шырша әдетте 10 күннен кейін шау тарта бастайды. Бірақ ол сонысымен ерекше, қысқа уақытта сұлулығымен мереке сыйлайтын көрінеді.
«Мата даңқымен бөз өтер, ата даңқымен қыз өтер» демекші, қазір шыршаның жасандысы да кең сұранысқа ие болыпты. «Несі бар, ол да шырша ғой. Қайта ол ұзақ сақталып, тұла бойындағы шаң-тозаңын арлытса «қысы, жазы бір түсте» тұра береді» деп ойладық та, бағасын білуге оқталдық.
Шынында солай ғой, жасанды шыршаның артықшылығы да сол – ұзақ уақыт пайдалануға жарамды. Базардан шырша іздесеңіз, жасанды ағаштың неше түрін таба аласыз, бірақ бағасы шарықтай береді. Кішкентай шырша 5-10 мың теңге аралығында сатылса, орташа биіктіктегісі – 15-20 мың теңге шамасында. Ал биік әрі әдемілеу «жасандылар» 30, ең сәнді және ерекше безендірілген түрлері 80 мың теңгеге дейін барады екен.
Қарап тұрсаңыз, бұл мереке отандастарымыз үшін тек жылдың басталуы емес, санада қалыптасқандай, өзара сыйластық, бірлік пен бақыттың, әр адамның көкейінде жаңа арман мен мақсаттың туындауына себеп болатын маңызды кезең.
Ендеше, келер жыл жаңа бастамалар мен зор мүмкіндіктерге толы болғай! Барлық бастама жемісті болып, өмірдегі әрбір қадам жақсы өзгерістер мен жаңа мүмкіндіктерге жетелесін. Жаңа жыл әр шаңыраққа молшылық, табыс пен бақ сыйласын!
Тоғжан ЕРМЕК
Суреттерді түсірген автор