«AtyrauPress» сайтының тілшісі – республикалық байқау жеңімпазы

Алматы қаласында өткен «TURKTIME: Түркі елдерінің медиа және туризм бірлігі» IV Халықаралық Түркітілдес журналистер медиа форумы аясында белгілі журналист Нәзия Жоямергенқызы бастаған Түркітілдес журналистер қоры ұйымдастырған «Еркін сөз»-2024 байқауының жеңімпаздары анықталды. Олардың ішінде біздің әріптесіміз Амандық Сағынтайұлы да бар, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі. 

Еліміздің қаржы саласына арналған бірден-бірден байқауға ол он жылдан бері үзбей қатысып келеді. Ал, биыл ұсынған қаржы ұйымдарының қызметі мен қаржылық сауаттылыққа қатысты мақаласы Бас жүлдеге лайықты деп танылды.

Бұдан бөлек, «Үздік телесюжет» аталымын «КТК» телеарнасының тілшісі Ұлан Нұрахмет, «Үздік мақала» аталымын «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі – Елігімай Төңкер жеңіп алды. Жеңімпаздар диплом, статуетка және 500 000 теңге көлемінде қаржылай сыйақымен марапатталды.

Ал, «Еркін сөздің» арнайы сыйлықтары: Жолдасбек Дуанабай атындағы сыйлық – Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің тілшісі Әділет Амангелді, Сәкен Орынбасарұлы атындағы сыйлық – Бағлан Тұрғанбек, Бақытгүл Мәкімбай атындағы сыйлық – Эльмира Жүрсінбекқызы және Айнұр Сыдықова атындағы сыйлық – ⁠Мерей Алайдарға берілді.

Сондай-ақ, Түркітілдес журналистер қорының он жылдық мерейтойында қоғамдағы әлеуметтік мәселелерге қалам тербеп жүрген қалам иелерінің арасында «Әлеумет – қоғам айнасы» байқауының қорытындысы шықты. Оның бас жүлдесі Жанаргүл Қадыроваға табысталды. Жүлде иесіне ноутбук, ал, екінші жеңімпаз – Нұрбек Дәуренбековке соңғы үлгідегі ұялы телефон бұйырды.

Айта кетейік, қордың мерейлі күнтізбесімен қатар келген іс-шараға Британия, Германия, Түркия, Әзірбайжан, Солтүстік Кипр секілді тағы бірнеше елден туризм және медиа саласының өкілдері, сондай-ақ еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, Парламент депутаттары, журналистика саласының тәжірибелі сарапшылары, республикамыздың атқарушы орган өкілдерінің баспасөз хатшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Соның ішінде, Атыраудан арнайы қонақтар ретінде «Атырау» газетінің тілшілері – Майра Оразғалиева мен Гүләлия Игілікова және «Серпер» газетінің журналисі Айнагүл Шакупова қатысып, «Түркітілдес журналистер қорының» президентінің Алғыс хатын иеленді.

Сәуле МАҒАУ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT