UTEBAEV UNIVERSITY білімгерлері Астанада жасанды интеллект арқылы экожобалар ұсынды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.
21 сәуір күні Астана қаласында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі еліміздің жасыл болашағына жауапкершілікпен қарайтын жастардың басын қосты. Эко-мәдениетті насихаттап, жаңа идеялар мен бастамаларды қолдауға бағытталған фестиваль аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр өңірінен келген жас көшбасшылармен кездесті. Мемлекет басшысының арнайы марапатына ие болғандар қатарында UTEBAEV UNIVERSITY студенті Еркебұлан Ғинаятұлы да бар. Бұл марапат - Атырау жастарының белсенділігі мен қоғамдағы орнының айқын дәлелі.
Іс-шараға университетте жуырда ашылған AI-HUB жасанды интеллект орталығының мүшелері Әлия Кусманова, Сағадат Әміржанов, Нұрайна Сәрсенбаева, Максим Топильский және Мирас Егеубай қатысып, экологиялық жобаларын таныстырды. Жас зерттеушілер ұсынған жобалар қоршаған ортаны қорғау бағытындағы тың технологиялық шешімдерге негізделген. Атап айтқанда, қалдықтарды тиімді басқару, климаттық деректерді сараптау, ауа мен су сапасын бақылау, сондай-ақ экологиялық тәуекелдерді алдын ала болжау секілді маңызды мәселелерге назар аударылды.
AI-HUB жастарының бұл бастамалары білімді, креативті көзқарас пен технологияға деген қызығушылықты ел болашағы жолында тиімді пайдаланудың үлгісі.