Атыраулық полицейлер тұрғындарды жалған ақпараттан сақ болуға шақырады

Жалған ақпарат – жай қателік емес, қоғамдық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер. Атырау облысы Полиция департаменті тұрғындарды осындай әрекеттерге жол бермеуге шақырып отыр. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде бұл мәселе өзекті бола түседі. Тәртіп сақшылары артық қоңыраулар мен теріс пиғылды хабарламалар құтқару және құқық қорғау қызметтерінің шынайы оқиғаларға уақтылы әрекет етуіне кедергі келтіретінін ескертеді.

Облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Мейірім Ердәулет қоғамдық тәртіпті сақтау әр адамның міндеті екенін атап өтті.

– Жалған хабар тарату, арнаулы қызметтерді бекерге мазалау – жеңіл әрекет емес. Бұл – нақты құқықбұзушылық. Мұндай әрекеттерге қатысты заң талаптары өте қатал, өйткені ол адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етуі мүмкін, — деді ол.

Тәртіп сақшысының айтуынша, Атырау облысында жыл басынан бері жалған хабарлама тарату бойынша, яғни Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 438-бабымен («Арнаулы қызметтерді көрінеу жалған шақыру») 193 дерек тіркелген. Ал былтыр осы бап бойынша 189 адам жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 273-бабымен («Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау») 2 қылмыстық құқықбұзушылық анықталды.
Талдау көрсеткендей, мұндай хабарламалар, көбінесе, мас адамның бұзақылық әрекеттерінен туындайды. Күдіктілер – 20-40 жас аралығындағы облыс тұрғындары.
– Айта кету керек, терроризм актісі туралы жалған хабарлау – аса ауыр қылмыс. Аталған құқықбұзушылық үшін заңда келесі жазалар көзделген:

5 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл;

немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстары;

немесе 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру, — деп нақтылады ресми өкіл.
Егер құқықбұзушылық мас күйінде жасалса, бұл – ауырлататын мән-жай болып есептеледі. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 273-бабына сәйкес, терроризм актісі туралы жалған хабар бергені үшін қылмыстық жауапкершілік 14 жастан басталады.

Полиция департаменті тұрғындарды заң талаптарын сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жалған ақпарат таратпауға шақырады.
– Әлеуметтік желіде немесе мессенджерлерде кез келген бейресми ақпаратты таратпас бұрын, оның рас-өтірігін анықтап алған жөн. Себебі әрбір сөз – жауапкершілік. Ал жалған ақпарат жұртты дүрліктіріп, қоғамда негізсіз үрей туғызуы мүмкін. Бұл – құқықтық баға берілетін іс, — деді Мейірім Ердәулет.
Құқық қорғау органдары қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін кешенді шаралар қабылдауды жалғастырады. Ал әрбір адамның саналы әрекеті – ортақ тыныштықтың кепілі.


Майра ЕРҒАЛИ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT