Атыраудың болашақ аналары жыл бойы өмірге сәби әкелу кезіндегі тәжірибені білікті мамандардан тегін үйренді. Бұған Жыныстық және репродуктивті денсаулық жөніндегі Қазақстандық қауымдастығы "Теңізшевройл" ЖШС-нің әлеуметтік тапсырысы шеңберінде мүмкіндік берді.
"Салауатты ана атану: оқыту, тәуекелдерді азайту!" жобасының мақсаты - аналарды оқыту арқылы Атырау облысындағы, сондай ақ, Жылыой ауданындағы ана мен бала өлімінің алдын алу, оларды сапалы өмірмен қамтамасыз ету. Болашақ аналар мен медицина қызметкерлеріне кеңес беру.
«Біздің мақсатымыз - барлық жастағы жүкті аналарға берілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және ақ халаттылар мен жүкті әйелдер және олардың отбасы мүшелері арасында сенімді қарым-қатынас орнату. Әйел мен оның отбасы үшін жүктілік кезеңі оң тәжірибемен өтуі тиіс, бұл өз кезегінде халықтың репродуктивті денсаулығы мен ата-ана атану үшін саналы көзқарас, ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді", дейді қауымдастықтың атқарушы директоры Галина Гребенникова.
Жоба аясында медицина қызметкерлеріне арналған босануға дейінгі жүкті ана күтімі бойынша үш рет төрт күндік тренинг ұйымдастырылды. 75-тен астам жалпы тәжірибелік дәрігер мен акушер-гинеколог жүктіліктің асқынуын уақтылы диагностикалау мен ауруханаға жатқызуды қоса алғанда көрсетілетін қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік алды. Оларға еліміздің жетекші медициналық университеттері мен мекемелерінің жоғары санатты акушер-гинекологтары, тәжірибелі, халықаралық оқытудан өткен жаттықтырушылар дәріс берді. Тренерлер оқу материалы ретінде жоба шеңберінде арнайы дайындалған және қазақ тіліне аударылған "Босануға дейінгі нұсқаулықтар" әдістемелігін қолданды. Жоба аясында жүкті әйелдерге арналған өзекті ақпараты бар түрлі-түсті лифлеттердің 12 түрі дайындалып, жоба аясында ашылған орталықтарға жеткізілді. Қазір жүкті әйелдер мен олардың отбасы мүшелері Атырау, Құлсары перинаталдық орталығында және Жылыой ауданының Қосшағыл ауылы мен Жаңа Қаратон кентіндегі екі ауылдық дәрігерлік амбулаторияда ашылған орталыққа белсенді барады.
"Репродуктивті денсаулықты қорғау стратегиялық маңызды міндет. Өйткені, мемлекеттің орнықты дамуы халықтың саны мен сапалық құрамына, адами ресурстарға, еңбек капиталына және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты", - деп есептейді Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының Ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Альмира Сабырғалиева.