Атырауда жылына 15 мың тонна балық ауланады

Мемлекет үшін басым бағыттардың бірі – балық шаруашылығын дамыту. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Атырау облысына жұмыс сапары барысында «А-Дана» шаруа қожалығындағы балық өсіру шаруашылығына барды, деп хабарлайды AtyrauPress тілшісі.

Мұнда 2025 жылдың маусым айында жабық сумен жабдықтау жүйесі бар ферманы іске қосу жоспарланған. Оның қуаттылығы – жылына 130 тонна тауарлы балық және 15 млн бекіре шабақтарын өсіру. Жоба ұрықтандырылған уылдырықты сатып алуды, инкубациялауды, шабақтарды өсіріп, жетілдіруді көздейді.  

Министр барған тағы бір нысан – «Caspian Royal Fish» кешені. Мұнда бекіре балықтарын өсіру және жабық жүйеде уылдырық өндіру жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің қуаттылығы – жылына 100 тонна балық және 1 тонна уылдырық.  

Сапар аясында министр Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңғыртылып жатқан Атырау бекіре балық зауытының жұмысымен де танысты. «Жанаталап» және «Еркінқала» учаскелері бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобада «Курин типіндегі» қашыртқыны, су тартқыш құбырларды және екі қыстақ тоғанын салу, сондай-ақ су сорғы станциясын күрделі жөндеуден өткізу көзделген. Жаңғыртудың бірінші кезеңін 2025 жылғы қарашада аяқтап, екінші кезеңін осы жылдың қыркүйек айында бастау жоспарланған. 

Сонымен қатар, министр бекіре тұқымдас балық шабақтарын қолдан көбейту жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда жылына 5 млн шабақ өсіріледі. 

Айдарбек Сапаров құрылыс-монтаж жұмыстарын күнделікті бақылауға алып, барлық жаңғырту кезеңдерін сапалы әрі уақытылы аяқтауды тапсырды.

Айта кетейік, жыл сайын балық шаруашылығы су айдындарында шамамен 15 мың тонна балық ауланады. Тауарлы балық өсірумен 5 шаруашылық айналысады. Олар 2024 жылы 373,6 тонна тұқы және бекіре тұқымдас балық өсірген.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

 

 

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT