Атырауда «Жомарттық шыршасы» өтті

Өңірде ерекше маңызға ие «Жомарттық шыршасы» атты жаңажылдық іс-шара өтті. Аталған іс-шараны Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жомарт жан» орталығы ұйымдастырды. Бұл игі шара көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар мен ерекше қажеттілігі бар бүлдіршіндерге қуаныш сыйлауға бағытталды.

«Жомарт жан» орталығы Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің тапсырмасы аясында 2024 жылғы 2 сәуірде Атырау облыстық ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі жанынан құрылды. Оның құрамына этномәдени бірлестіктердің, Ақсақалдар кеңесінің, Аналар кеңесінің, Кәсіпкерлер қауымдастығының, сондай-ақ ҚХА жанындағы «Ассамблея жастары» республикалық қозғалысының өкілдері енген.

Мақсаты – қоғамдағы әлсіз топтарға көмек қолын созу арқылы әлеуметтік бірлікті нығайту және қайырымдылық мәдениетін дамыту.

«Жомарттық шыршасы» аясында 100-ден астам балаға сыйлықтар табысталып, олар үшін ерекше көңілді бағдарлама ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Аяз Ата мен Ақшақардың қатысуымен әртүрлі ойындар ойнатылып, балалар ертегі кейіпкерлерімен бірге көңіл көтерді.

Ассамблея жастары мен этномәдени бірлестіктер белсенділік танытты. Шараның жоғары деңгейде өтуіне «Жомарт жан» орталығының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен олардың орынбасарлары, сондай-ақ «Ассамблея жастары» қозғалысының белсенділері үлкен үлес қосты. Сонымен қатар, БАҚ өкілдері мен Қоғамдық келісім орталығының ұжымы да шараның маңыздылығын арттырды.

Бұл шара балалардың жүзіндегі шаттық пен қуаныш арқылы өзінің басты мақсатын – қайырымдылықтың маңыздылығын көрсетіп, жаңа жылдық мерекенің сиқырлы атмосферасын қалыптастыра алды.

Жайна МӘЛІМҚОЖА
Суретті түсірген Расул СЕРІКОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT