Атырау облысында 3-4 қазан күндері республикалық «Жолда қабылдау» акциясы өтеді. Шараға Жергілікті полиция қызметі мен Әкімшілік полиция басқармасының мамандары қатысып, тұрғындарға құқықтық көмек көрсетті.
Акцияның алғашқы күнінде ғана полиция қызметкерлеріне 300-ге жуық азамат сауал қойылды.Тұрғындар негізінен жол қозғалысын ұйымдастыру, жүргізуші куәліктерін алу және ауыстыру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, автокөлікті тіркеу, салынған айыппұлдар мен жол-көлік оқиғаларының салдарына қатысты сұрақтар қойды.
Сонымен қатар, кейбір азаматтар қаладағы көше қиылыстары мен өткелдерге қосымша жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату қажеттігі жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Барлық өтініш пен сұрақтарға заң аясында жауап беріліп, ұсыныстар назарға алынды.
Іс-шара барысында тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол-көлік оқиғаларының алдын алу, қауіпсіздікті сақтау бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Қоғамдық тәртіп бұзушылықтардың мысалдарын келтіре отырып, олардың салдарын түсіндірді.
Айта кетерлігі, акция офлайн қабылдаумен қатар онлайн форматта да жалғасты. Бұл өз кезегінде тұрғындардың полиция қызметкерлерімен тікелей және қолжетімді байланыс орнатуына мүмкіндік берді.
Екі күнге жоспарланған акция – халық пен полиция арасындағы сенімді арттыруға, ашық диалог орнатуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.